Сараптама

Үндістанда фейерверк шығаратын зауыттағы жарылыстан 23 адам қаза тапты

Үндістанның Тамилнад штатында орналасқан фейерверк өндіретін кәсіпорында болған жарылыс салдарынан 23 жұмысшы қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Билік өкілдері марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Hindustan Times хабарлады.

Фото: hindustantimes.com

Қайғылы жағдай жексенбі күні Вирудхунагар округіндегі жеке зауытта болған. Оқиға кезінде кәсіпорында шамамен 30 адам жұмыс істеп жатқан. Жарылыс жергілікті уақыт бойынша сағат 15:30 шамасында тіркелген.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жарылыс шикізатты өңдеу және фейерверктерді дайындау жүргізілген аумақта болған. Жарылыстың күші өте қатты болып, кемінде үш бөлме толық қирап, маңайдағы бірнеше ғимарат жермен-жексен болған.

Қазіргі уақытта алты зардап шегуші аудандық мемлекеттік ауруханада ем қабылдап жатыр.

Қайғылы оқиға кезінде құтқару жұмыстары жүріп жатқан сәтте тағы бір жарылыс болып, жақын маңда болған өрт сөндіру қызметкері ауыр жарақат алған.

Алдын ала тергеу мәліметінше, кәсіпорынның Нагпурда орналасқан Мұнай өнімдері мен жарылғыш заттар қауіпсіздігі ұйымынан (PESO) лицензиясы болған. Кәсіпорында жалпы саны 100-ден астам адам жұмыс істеген.

Бұл оқиға осы округте бірнеше күн бұрын болған тағы бір ұқсас жарылыстан кейін тіркеліп отыр. Ол кезде төрт адам қаза тапқан еді.

Қайғылы жағдайға байланысты Үндістан президенті Дроупади Мурму, премьер-министр Нарендра Моди және штаттың бас министрі М.К. Сталин көңіл айтты.

Билік өкілдері оқиғаның себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Егер заңбұзушылықтар анықталса, зауыт иесіне қатысты қатаң шаралар қолданылатыны айтылды.

Сайт Әкімшілігі