Әлеумет

Үндістандағы қонақүй өрті: Қырғызстаннан барған бір отбасының үш мүшесі қаза тапты

Үндістан астанасы Нью-Делиде болған қонақүй өртінен Қырғызстан азаматтары – бір отбасының үш мүшесі көз жұмды. Жалпы өрт салдарынан 21 адам қаза болып, ондаған адам жарақат алған.

Фото: ашық дереккөз

Қаза тапқандар – Ош қаласының тұрғындары, бір әулеттің үш буын өкілдері. 50 жастағы Наргиз Кочкарова жуырда бауыр ауыстыру операциясын жасатқан. Оның 23 жастағы ұлы анасына донор болған. Өрт кезінде Наргиздің 76 жастағы анасы да көз жұмды. Марқұм әйелдің Қырғызстанда екі кәмелетке толмаған баласы қалған.

Қырғызстанның Үндістандағы елшілігі марқұмдардың денесін елге жеткізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуді бастаған.

Өрт 3 маусым күні таңертең Нью-Делидегі Florist Inn қонақүйінде шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, жалын ғимараттың бірінші қабатындағы мейрамханадан тұтанып, жоғары қабаттарға жылдам таралған. Соның салдарынан көптеген адам жоғарғы қабаттарда қамалып қалған.

Куәгерлер мен жергілікті тұрғындар терезеден секірген адамдарды құтқаруға тырысқан. Олар құлағандардың жарақатын жеңілдету үшін көрші дүкеннен матрастар алып шыққан. Өрттен кейін 49 адам ауруханаға жеткізілді.

Құқық қорғау органдары ғимарат иесін ұстап, оқиғаға байланысты тергеу бастады.

Аталған қонақүй жақын маңдағы ауруханаларда ем қабылдап жүрген шетелдік пациенттер мен олардың туыстары арасында танымал болған. Қаза тапқандар арасында Қырғызстан азаматтарынан бөлек, Бангладеш, Нигерия, Мозамбик және Либерия елдерінің азаматтары да бар.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Үндістандағы медициналық қызмет құны Еуропа, Түркия және Оңтүстік Кореямен салыстырғанда төмен болғандықтан, бұл ел Қырғызстан азаматтары үшін медициналық туризм бағыттарының бірі саналады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Үндістан өрт