Үш адам қаза тапқан жол апаты: полиция майоры 10 жылға сотталды
Алматы – Қорғас тасжолында бір отбасының үш мүшесінің өмірін қиған жол апатына кінәлі деп танылған 37 жастағы бұрынғы полиция қызметкері Абылай Жарылқасынұлы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ сот сотталушыдан қаза тапқандардың туыстарының пайдасына 29 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Қайғылы жол апаты 23 маусымда Алматы – Шелек – Қорғас автожолында болған. Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Haval көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен бетпе-бет соғысқан.
Апат салдарынан Audi жүргізушісі мен оның екі жолаушысы жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмды. Көліктегі басқа жолаушылар, оның ішінде балалар аман қалды. Жол апатынан кейін Haval жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалып, полиция қылмыстық іс бойынша тергеу бастады.
Кейін Haval көлігін полиция қызметкері Абылай Жарылқасынұлы басқарғаны белгілі болды. Журналист Михаил Козачковтың хабарлауынша, ол ішкі істер органдарында 15 жылдан астам қызмет етіп, майор шеніне дейін жеткен. Жол апатынан кейін қызметінен босатылған.
Сараптама оның қанынан 3,3 промилле мөлшерінде этил спиртін анықтаған.
Қаза тапқандардың Гүлзана есімді туысының айтуынша, Audi көлігінде оның әпкесі, әпкесінің күйеуі, балалары және он айлық немересі болған. Ол осы апаттан кейін отбасының өмірі «апатқа дейінгі және апаттан кейінгі кезеңге» бөлінгенін айтқан.
Жол апатынан 40 жастағы әйел, оның 41 жастағы күйеуі және олардың 19 жастағы қызы қаза тапты. 19 жастағы марқұмның артында он айлық қызы Дильнара қалды. Апаттан аман қалған тағы екі бала ата-анасынан айырылды.
Оқиғадан кейін марқұмдардың туыстары жүргізушінің құқық қорғау органдарында қызмет етуіне байланысты істі жабуға әрекет жасалуы мүмкін деп қауіптенген. Олар істің ашық тергеліп, кінәлінің тиісті жазасын алуын талап етті.