Әлеумет

Ұстаздар күні қарсаңында алаяқтықтың жаңа схемасы тарады

Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ескертті.

Фото: ашық дереккөз

Ұстаздар күні қарсаңында алаяқтар мұғалімдерге арналған сыйлықтарды арзан бағамен ұсынатын жалған сайттарды пайдалана бастаған.

Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығының мәліметінше, алаяқтар азаматтарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тиімді ұсыныстары бар сайттарға сілтеме жібереді.

Жалған платформалар сыртқы көрінісі жағынан шынайы интернет-дүкендерге ұқсайды. Алаяқтар тіпті жасанды интеллект арқылы шын мәнінде жоқ тауарлардың суреттерін жасап, сайтқа орналастырады. Ал сатып алушыларға сатушының орнына чат-бот жауап береді.

Азаматтар тапсырыс үшін ақша аударғаннан кейін тауарды алмай, қаражатынан айырылып қалуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары күмәнді хабарламалардағы сілтемелерді ашпауға және көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмауға шақырады. Сондай-ақ банк картасының деректерін, CVV-кодты, PIN-кодты, парольдер мен SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеу қажет.

Мамандар сайттың шынайылығына және сатушының сенімділігіне көз жеткізбей тұрып алдын ала төлем жасамауға кеңес береді. Тапсырыс туралы ақпаратты тек дүкеннің ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы өз бетінше тексерген жөн.

Егер азамат карта деректерін алаяқтарға беріп қойса немесе шотынан күмәнді ақша алынғанын байқаса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттауы және полицияға арыздануы керек.

Сайт Әкімшілігі