Вадим Борейкоға құрылыс компаниясына 43 миллион теңгеден астам өтемақы төлеу міндеттелді
Алматы қаласының Бостандық аудандық соты журналист Вадим Борейкоға қатысты құрылыс компаниясының талап-арызын қарады.
Даудың туындауына оның YouTube пен Instagram желілерінде жариялаған материалдары себеп болған. Журналист жазбаларында тұрғын үй кешені заңсыз салынып жатқанын және құрылыс салушының қажетті рұқсат құжаттары жоқ екенін айтқан.
Сот іс материалдары мен сараптама қорытындыларын зерделей келе, журналист таратқан мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді әрі компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп таныған.
Экономикалық сараптама қорытындысына сәйкес, аталған жарияланымдар салдарынан құрылыс компаниясына 43 миллион теңгеден астам шығын келген. Осыған байланысты сот Вадим Борейкодан бұл соманы өндіріп алуды және сот шығындарын өтеуді міндеттеді.
Бұдан бөлек, сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін журналист он күн ішінде өзінің YouTube және Instagram парақшаларында теріске шығару жариялап, дауға себеп болған материалдарды өшіруі тиіс.