Вакцинаға қарсылық білдірген көкшетаулықтар алаңға шықты (видео)
Көкшетаудың ондаған тұрғыны орталық алаңға жиналып, қазақстандықтарды жаппай вакцинациялау мен тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасына қарсы шықты.
Көкшетаулықтар қарсылығын білдіріп, видеоүндеу жасаған.
Видео әлеуметтік желіде «Көкшетауда митинг басталды» деп тараған.
Ақмола облысының әкімдігі жергілікті тұрғындар 25 қаңтарда сағат шамамен 11.00-де Тәуелсіздік алаңында жиналғанын айтады. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы мен жаппай вакцинациялауға қатысты видеоүндеу жасамақ болған.
«Бұл мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, ішкі саясат басқармасының басшысы, Көкшетау әкімінің орынбасары және құқық қорғау органдарының басшы қатысты», — деп түсіндірді Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.