Саясат

Венесуэла АҚШ операциясы салдарынан кемінде 100 адам қаза тапқанын мәлімдеді

Венесуэланың Ішкі істер, әділет және бейбітшілік министрі, азаматтық қауіпсіздік жөніндегі вице-президент Диосдадо Кабельо АҚШ-тың Каракаста жүргізген әскери операциясы салдарынан кемінде 100 адамның қаза тапқанын мәлімдеді.

Фото: telesurtv.net

Бұл туралы Telesur арнасы хабарлады.

Диосдадо Кабельо сәрсенбі күні эфирге шыққан Con el Mazo Dando бағдарламасында қаза тапқандардың басым бөлігі жастар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – Венесуэлаға қарсы бағытталған АҚШ-тың әскери агрессиясының салдары.

Министр мемлекет басшылығын уақытша қабылдаған Делси Родригеске ел билігінің толық қолдау білдірілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол:

«Венесуэла берілмейді. Бұл – тарихы терең мен мұраға бай ел», – деп мәлімдеді.

Бұған дейін Куба билігі президент Николас Мадуроны қорғау кезінде қаза тапқан 32 адамға байланысты елде екі күндік аза тұту жариялаған болатын.

Еске салайық, 3 қаңтарда АҚШ Венесуэла аумағында арнайы операция жүргізіп, президент Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті Каракаста тұтқындаған еді. Кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуро мен оның әйелі кемемен Нью-Йоркке жеткізіліп жатқанын хабарлады.

Николас Мадуро мен Силия Флореске АҚШ-та есірткі терроризміне қатысы бар қастандық, кокаин тасымалдау, пулеметтер мен жарылғыш заттарды сақтау және АҚШ-қа қарсы қолдану мақсатындағы келісімдер бойынша айып тағылды.

Осы күні Венесуэланың Жоғарғы соты вице-президент Делси Родригеске президенттік өкілеттіктерді толық беріп, ол уақытша мемлекет басшысы ретінде ант қабылдады.

6 қаңтарда Мадуро мен оның жұбайы күшейтілген күзетпен Бруклиндегі тергеу изоляторынан Манхэттендегі сот ғимаратына тікұшақпен жеткізілді. Алайда олар өздеріне тағылған айыптарды мойындамады. Келесі сот отырысы 17 наурызға белгіленген.

Сайт Әкімшілігі