Әлеумет

Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі: қаза тапқандар саны 235 адамға жетті, жүздеген ғимарат қирады

Венесуэлада болған екі күшті жер сілкінісінен кейін ел астанасы Каракас пен оған іргелес аймақтар қатты зардап шекті. Табиғи апат салдарынан жүздеген адам қаза тауып, 1500 адам жарақат алды, мыңдаған тұрғын баспанасыз қалды.

Фото: AP Photo

Құтқарушылар үйінділер астынан тірі қалғандарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

24 маусым күні кешке Каракастан шамамен 160 шақырым батыста магнитудасы 7,2 болатын күшті жер сілкінісі тіркелді. Бір минутқа жетпей магнитудасы 7,5 болатын екінші жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, бұл – Венесуэлада 1900 жылдан бері тіркелген ең күшті жер сілкінісі.

Көп жылдық экономикалық дағдарыстан әлсіреген Венесуэла үшін бұл апат ауыр соққы болды. Дағдарыс салдарынан елдің инфрақұрылымы әбден тозған. Ал негізгі дүмпулерден кейінгі қайталама сілкіністер құтқару жұмыстарын одан әрі қиындатқан.

Құрбандар мен шығын көлемі

Денсаулық сақтау министрі Карлос Альварадо бейсенбі күні кешке медициналық мекемелерге қаза тапқан шамамен 235 адамның мәйіті жеткізілгенін мәлімдеді. Алайда ол қаза болғандардың түпкілікті санын нақтылаған жоқ.

Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес бұған дейін 200 адамның үйінді астында қалып қойғанын, 250 ғимараттың зақымданғанын немесе толық қирағанын айтқан болатын. Кемінде 1500 адам түрлі жарақат алған.

Қатты зақымданған нысандардың қатарында кемінде сегіз аурухана, Венесуэла Қызыл Крест қоғамының штаб-пәтері және Франция елшілігі бар.

Ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі – Каракасқа жақын орналасқан әрі елдің басты әуежайы орналасқан Ла-Гуайра жағалау штаты. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл аймақта шамамен 70 мың отбасы апаттан зардап шеккен.

«Бұл өңір нағыз апат аймағына айналды», – деді уақытша президент Родригес. Оның айтуынша, үкімет құтқару жұмыстарын жеделдету үшін жеке компаниялармен бірлесіп, ауыр техникаларды жұмылдырған.

Штаттың кей бөліктерінде электр энергиясы әлі қалпына келтірілмеген. Ал Каракас халықаралық әуежайы зақымдануына байланысты уақытша жабылды. Әлеуметтік желілерде терминал төбесінің құлап жатқан сәті түсірілген бейнежазбалар тарады.

Құтқарушылар мен еріктілер түні бойы үйінділерді аршуды жалғастырды. Дегенмен кейбір аудандардың тұрғындары ресми көмектің кешігіп жатқанын айтуда.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Ла-Гуайра қаласында арнайы техниканың жетіспеуінен еріктілер үйінділерді қолмен қазуға мәжбүр болған.

Каракас пен Ла-Гуайра арасындағы тас жол бойымен тұрғындар су, азық-түлік және дәрі-дәрмек жеткізіп, құтқарушыларға қолдау көрсетуде.

Эпицентрге жақын орналасқан Карабобо штатындағы Морон қаласында көптеген тұрғын үй қирап, халық электр қуаты мен ауыз сусыз қалған.

Зардап шеккен тұрғындар құтқарылып қалған заттарын жинап, туыстарының үйіне көшуге немесе үкімет ашатын уақытша баспаналарды күтуге мәжбүр.

Жер сілкінісі ресми мереке күні болғандықтан, көптеген тұрғын сол сәтте үйлерінде болған. Ғимараттар шайқалып, кейбірі құлаған кезде адамдар жаппай көшеге жүгіріп шыққан.

«Сыртқа шыққанда көргеніміз қорқынышты фильмді еске салды», – дейді Каракас тұрғыны Мария Алехандра.

Із-түзсіз жоғалғандар

АҚШ Геологиялық қызметінің болжамдық моделіне сәйкес, құрбандар саны бірнеше мың адамға дейін жетуі мүмкін. Тіпті қаза болғандар саны 10 мыңнан асуы ықтимал деген сценарий де қарастырылған.

Reuters жазуынша, жоғалған адамдарды іздеуге арналған және оппозиция жетекшілері таратқан сайтта әзірге 46 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілген. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде де, тәуелсіз дереккөздер арқылы да расталған жоқ.

«Бұл – өмірімде сезінген ең күшті жер сілкінісі болды», – дейді BBC Mundo тілшісі Николь Колстер.

Оның айтуынша, жер сілкінісінің күші соншалық, көпқабатты үйдің үстіне құлап кететіндей әсер қалдырған.

Жер сілкінісі Колумбияның Венесуэламен шекаралас өңірлерінде де сезілген.

Халықаралық көмек

Экономикалық дағдарысқа қарамастан, Венесуэлаға бірқатар мемлекет көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Родригестің айтуынша, жақын күндері халықаралық құтқару топтары елге келеді. Ол сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путинге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Вице-президент Дельси Родригес АҚШ, Доминикан Республикасы, Сальвадор, Мексика және Қатардан гуманитарлық көмек жіберіліп жатқанын хабарлады.

Вашингтон жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысты қаржылық операцияларға рұқсат беру арқылы санкциялардың бір бөлігін уақытша жеңілдетті.

Президент Дональд Трамп АҚШ-тың Венесуэлаға көмек көрсетуге толық дайын екенін мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтон құтқару топтарын жіберетінін, ал Пентагон логистикалық қолдау көрсетіп, зақымданған Каракас әуежайының жұмысын қалпына келтіруге көмектесетінін айтты. BBC мәліметінше, АҚШ Венесуэлаға 150 миллион доллар көлемінде көмек бөлген.

БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер жөніндегі басшысы Том Флетчер ұйым халықаралық құтқару топтарының жұмысын үйлестіріп жатқанын айтып, Венесуэлада «ауқымды халықаралық күш-жігер қажет» екенін мәлімдеді.

Ал SpaceX компаниясы табиғи апаттан зардап шеккен аудандардағы Starlink қызметін жаңа және қолданыстағы пайдаланушылар үшін 25 шілдеге дейін тегін ететінін хабарлады. Сонымен қатар байланыс желісін қалпына келтіру үшін ең көп зардап шеккен өңірлерге қосымша терминалдар жеткізілуде.

Сонымен бірге ел экономикасы үшін аса маңызды мұнай саласында жұмыс істейтін шетелдік энергетикалық компаниялар өндірісте елеулі іркілістер болмағанын және мұнай инфрақұрылымына айтарлықтай зақым келмегенін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі