Саясат

Венгрия Премьер-министрі Орбан сайлауда жеңілгенін мойындады

Виктор Орбан Венгриядағы парламенттік сайлауда жеңілгенін мойындап, «оппозицияда жүріп те елге қызмет етуге» уәде берді. Петер Мадьяр бастаған «Тиса» партиясы жаңа парламенттегі дауыстардың үштен екісіне ие болуы мүмкін.

Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан парламенттік сайлауда жеңіліске ұшырағанын растады. «Не болса да, біз тіпті оппозицияда болсақ та елге қызмет ететін боламыз», - деп мәлімдеді ол жексенбі, 12 сәуір күні кешке Будапешттегі жақтастарының алдында.

Сайлау учаскелерінің 84,91%-ында дауыстарды санау қорытындысы бойынша, сайлау комиссиясы оппозиция көшбасшысы Петер Мадьяр мен оның оңшыл-центристік «Тиса» партиясы жаңа парламенттегі 199 орынның 138-іне – дауыстардың үштен екісінен астамына ие болуы мүмкін екенін хабарлады. Сайлаушылардың келуі рекордты деңгейге жетті. Сайлау учаскелері жабылудан жарты сағат бұрын көрсеткіш 77,8 пайызды құрады.

Бұған дейін, 12 сәуірде Мадьяр Орбанның телефон арқылы хабарласып, оны сайлаудағы жеңісімен құттықтағанын айтты. «Премьер-министр Виктор Орбан жаңа ғана хабарласып, бізді жеңісімізбен құттықтады», - деп жазды саясаткер өзінің X парақшасында.

Орбан мен Мадьярдың текетіресі

62 жастағы Орбан 2010 жылдан бері билікте отыр. Биылғы сайлауда алғаш рет жеңіске жетуге қауқарлы оппозициялық кандидат – 45 жастағы Мадьяр пайда болды. Ол бұрын «Фидес» партиясының жастар қанатының мүшесі болған, ал «Тиса» партиясын тек екі жыл бұрын басқарды.

Орбан үкіметіне көңілі толмайтын азаматтар қоғамдық инфрақұрылымның, денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің нашар жағдайын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты басты мәселе ретінде атайды. Мадьяр болса жемқорлықпен қатаң күресуге, «жүйелі өзгерістер» жасауға және жаңа конституция қабылдауға ниетті екенін айтты. Сонымен қатар, ол Венгрияның Ресейден іргесін аулақ салуын және Еуроодақ мүшесі саналатын елдің НАТО-ның сенімді одақтасы ретінде қайта оралуын қолдайды.

Сайт Әкімшілігі