Оқиғалар

Волонтерлік – жаһандық ынтымақтастықтың жаңа тетігі

20 тамызда Астанада ТМД волонтерлерінің алғашқы форумы басталды. Қазақстан бастамасымен ұйымдастырылған форумды елдің халықаралық гуманитарлық және бітімгерлік күн тәртібін толықтыратын маңызды бастамалардың бірі ретінде қарастыруға негіз бар.

Фото: из открытых источников

Өйткені Қазақстан ТМД волонтерлерінің алғашқы форумын өткізу арқылы еріктілік қозғалысын халықаралық деңгейде дамытуға жаңа серпін беріп отыр. 

Қазір әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мемлекетаралық келісімдермен немесе саяси келіссөздермен шектелмейді. Адамдар арасындағы сенім, өзара көмек, әлеуметтік жауапкершілік және ортақ құндылықтар халықаралық қауіпсіздіктің маңызды құрамдасына айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда волонтерлік қозғалыс қоғамды жақындастыратын, мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланыстарды күшейтетін және адамдарды ортақ игілік төңірегіне топтастыратын қуатты құрал болып отыр.

Қазақстанның Астанада осындай форум өткізуі осы үрдістің институционалдық сипатын күшейтіп отыр. Ең бастысы, бұл бастама ТМД кеңістігіндегі еріктілерді бір алаңға жинап, олардың өзара тәжірибе алмасуына, бірлескен жобалар жасауына және халықаралық деңгейде ортақ бастамаларды дамытуына мүмкіндік береді.

ТМД волонтерлерінің алғашқы форумын өткізу идеясы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған. ТМД елдері Үкімет басшылары кеңесінің шешімі негізінде форум жыл сайын өтетін халықаралық алаң ретінде құрылды. Яғни оның мақсаты бірреттік іс-шара өткізумен шектелмейді. Алдағы уақытта форумды ТМД елдері ротациялық тәртіппен кезек-кезек ұйымдастырып, волонтерлік қауымдастықтардың тұрақты диалогы қалыптасады.

Форумның «Волонтерлік арқылы бірлік: серіктестік, сенім, даму» деген тақырыбының өзі оның негізгі идеясын аңғартады. Қазіргі геосаяси ахуал күрделеніп, мемлекеттер арасында түрлі қайшылықтар көбейген тұста адамдар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті сақтаудың маңызы артып келеді. Волонтерлік осы тұрғыдан алғанда саяси ұстанымдардан жоғары тұратын ортақ құндылыққа сүйенеді.

Мейірімділік, жанашырлық, өзара көмек, әлеуметтік жауапкершілік сияқты ұғымдар кез келген қоғамға ортақ. Сондықтан волонтерлік қозғалысты дамыту әлеуметтік саясаттың немесе жастар саясатының мәселесі ғана емес, халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықтың да маңызды бағыты саналады.

Қазақстанның бұл бастаманы ТМД кеңістігінен бастауы да қисынды көрінеді. Өйткені ТМД елдерінің арасында тарихи, мәдени және гуманитарлық байланыстар сақталған. Енді сол байланысты жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік туып отыр. Волонтерлердің бірлескен жобалары мемлекеттік деңгейдегі келісімдерді нақты ынтымақтастықпен толықтыра алады.

Қазақстанның бұл бағыттағы белсенділігі кездейсоқ емес. Кейінгі жылдары елімізде волонтерлік қозғалыс жүйелі түрде дамып келеді. Соның айқын дәлелі ретінде мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылдың Қазақстанда «Волонтер жылы» болып жарияланғанын айтуға болады.

Сол кезде ел президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Даму мақсатындағы волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы ұсыныс жасаған болатын. Қазір сол бастаманың нәтижесі халықаралық деңгейде көрініс тауып отыр.

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарар қабылдауы еріктілік мәселесін жаһандық күн тәртібіне шығаруға мүмкіндік берді. 2026 жылдың Халықаралық еріктілер жылы ретінде өтуі де осы саясаттың логикалық жалғасы саналады.

Осыған байланысты 20 тамызда Астанада басталған ТМД волонтерлерінің алғашқы форумының дәл осы халықаралық жылда өткізілуінің символдық мәні бар. Бір жағынан, Қазақстан өзінің ұлттық тәжірибесін халықаралық ортаға ұсынып отыр. Екінші жағынан, еліміз БҰҰ деңгейінде көтерілген бастаманы өңірлік форматта нақты мазмұнмен толықтыруға ұмтылады.

Бұл бағытта Қазақстанның тәжірибесі де аз емес. Кейінгі алты жылда еліміздегі белсенді волонтерлер саны алты есеге өсіп, 50 мыңнан 300 мың адамға жетті. Волонтерлік ұйымдардың саны үш есеге артып, 810-ға жетсе, волонтерлік топтардың саны он есеге өсіп, 3,5 мың болды.

Бұл статистика еріктіліктің Қазақстан қоғамында біртіндеп азаматтық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет – осы әлеуетті ұлттық шеңберде қалдырмай, халықаралық ынтымақтастыққа айналдыру.

Астанадағы форумның басты ерекшелігі де осында. Қазақстан ТМД елдерінің волонтерлерін тәжірибе алмасу үшін ғана жинап отырған жоқ. Ортақ жобалар әзірлеу, көшбасшылар мен үйлестірушілерді даярлау, экологиялық және әлеуметтік бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру арқылы халықаралық волонтерлік қауымдастықты қалыптастырудың негізі қаланып келеді. Мұны Қазақстанның әлемдік еріктілер қауымдастығын қалыптастыруға қосқан үлесі ретінде бағалауға болады.

Әлемде түрлі мемлекеттерде миллиондаған адам волонтерлік қызметпен айналысады. Бірақ олардың әлеуетін бір-бірімен байланыстыратын, тәжірибе мен технология алмасуын қамтамасыз ететін, ортақ гуманитарлық және экологиялық міндеттерді шешуге жұмылдыратын тұрақты тетіктер әлі де қажет. Астана форумы осындай байланыстың өңірлік моделін ұсына алады.

Бір сөзбен айтқанда, волонтерлік қозғалыс мемлекеттер арасындағы дипломатиялық байланыстың азаматтық деңгейдегі толықтырушы тетігіне айналып отыр.

БҰҰ деңгейіндегі ынтымақтастық

Қазақстанның бастамасы халықаралық ұйымдар тарапынан да қолдау тауып отыр. 19 тамыз күні ҚР сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановпен кездесті. Тараптар Қазақстанның бастамасымен жарияланған Халықаралық еріктілер жылын өткізу аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Тойли Курбанов Қазақстанның волонтерлік қозғалысты жаһандық деңгейде дамытып жатқанын жоғары бағалады.

Кездесу барысында қазақстандық волонтерлердің БҰҰ-ның халықаралық агенттіктерінің қызметіне қатысуын күшейту мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ БҰҰ Еріктілер бағдарламасының арнайы қоры арқылы Қазақстанның еріктілік бастамаларын халықаралық деңгейде дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі – бейбітшілік пен өзара түсіністікке негізделген диалог. Осы тұрғыдан алғанда волонтерлік қозғалыстың дамуын елдің бітімгерлік бастамаларымен сабақтастыра қарастыруға болады. Бітімгерлік дегеніміз – әскери немесе дипломатиялық құралдармен қақтығыстарды тоқтату ғана емес. Ұзақ мерзімді бейбітшілік адамдар арасындағы сенімнен, өзара құрметтен және бір-біріне көмектесуге дайын азаматтық қоғамнан басталады.

Сондықтан Қазақстанның волонтерлік қозғалысты халықаралық деңгейге шығару жөніндегі бастамасын гуманитарлық дипломатияның бір бағыты ретінде бағалауға болады. Мемлекеттер арасында саяси мәселелер бойынша пікір қайшылығы болуы мүмкін. Ал ортақ экологиялық немесе әлеуметтік мәселені шешу кезінде адамдардың мүддесі бір арнаға тоғысады.

Қазір Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Оның ішінде кәсіби және салалық волонтерлікті дамытуға, көшбасшылар даярлауға, қолдау тетіктерін жетілдіруге және цифрлық технологияларды кеңінен пайдалануға басымдық берілмек.

Сондай-ақ волонтердің цифрлық паспортын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл құрал азаматтың жинақтаған тәжірибесін, құзыретін және қоғамдық қызметке қосқан үлесін жүйелеуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі волонтерлікті кездейсоқ немесе эпизодтық қоғамдық белсенділіктен кәсіби дағды мен азаматтық тәжірибені қалыптастыратын жүйелі институтқа айналдырады.

Болашақта мұндай модельді халықаралық деңгейде қолдануға болады. Бір елде экологиялық жобада тәжірибе жинаған волонтер екінші мемлекеттегі осындай бастамаға қатыса алады. Әртүрлі елдердің жастар көшбасшылары ортақ жобаларды іске асыра алады. Төтенше жағдайлар кезінде халықаралық волонтерлік топтарды жұмылдыру тетігі қалыптасады. Осының бәрі біртіндеп әлемдік еріктілер желісінің институционалдық негізін қалыптастырады.

Астана форумының тарихи мәні

ТМД волонтерлерінің алғашқы форумын осы процестің алғашқы қадамдарының бірі деуге болады. Оның нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін. Бірақ тұрақты диалог алаңдары уақыт өте келе нақты институттарға айналады. Бүгін Астанада ТМД елдерінің волонтерлері бас қосса, ертең осы алаңда бірлескен экологиялық экспедициялар, әлеуметтік жобалар, жастар бағдарламалары немесе гуманитарлық миссиялар туралы шешімдер қабылдануы ғажап емес. Ең бастысы, Қазақстан бұл процесте бастамашыл ел ретінде көрініп отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумның ашылу салтанатына арнайы құттықтау хатын жолдады. Онда Қазақстан үшін волонтерлік қозғалыс азаматтық жауапкершілікті арттырып, қоғамда жанашырлыққа негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыратыны айтылған.

«Қазақстан осы форумды өткізуді ұсына отырып, ТМД елдерінің волонтерлері тұрақты түрде тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларын халықаралық деңгейде бірлесе ілгерілететін алаң құруды мақсат етті. Біз үшін достықты нығайтып, ынтымақ, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі құндылықтарды қоғамға терең сіңіру айрықша маңызды. Қазақстанда волонтерлік адам әлеуетін дамытуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамда жанашырлыққа негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда еліміздің тарихында алғаш рет волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілді», – делінген президент хатында.

Сондықтан Астанада басталған ТМД волонтерлерінің форумын қарапайым халықаралық жиын деп қарауға болмайды. Оны Қазақстанның волонтерлік саладағы ұлттық тәжірибесін өңірлік деңгейге шығаруға, ал өңірлік ынтымақтастықты жаһандық волонтерлік қозғалыспен байланыстыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалау қажет.

Қазақстанның бейбітшілік пен диалогты қолдайтын сыртқы саяси ұстанымымен үндесетін бұл бастама болашақта әлемнің әр түкпіріндегі еріктілерді ортақ гуманитарлық, әлеуметтік және экологиялық мақсаттар төңірегіне топтастыратын кең ауқымды желінің бір бөлігіне айналуы ықтимал.

Ал оның Астанада басталуының өзі Қазақстанның әлемдік еріктілер қозғалысын қалыптастыру ісіне нақты үлес қосуға ниетті екенін көрсетеді. Өйткені қазір адамзатқа мемлекеттер арасындағы келісім ғана емес, адамдар арасындағы сенім де қажет. Волонтерлік сол сенімді қалыптастыратын табиғи көпір болып отыр.

Қуан Өмірхан

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: волонтер