Әлеумет

Воронежде жарылыстар болды: Украина Ресейдің қорғаныс зауытына соққы жасаған болуы мүмкін

Ресейдің Воронеж қаласында жарылыстар болып, әуе дабылы жарияланды. Әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда жарияланған фото және видеоларда қала аумағында түтін көтерілгені байқалады.

Фото: Дождь телеграм арнасы

Әскери сарапшы Ян Матвеев пен бірқатар ресейлік Telegram-арналардың хабарлауынша, шабуыл нысанасы қорғаныс өнеркәсібіне қатысы бар кәсіпорындардың бірі болуы мүмкін.

Exilenova+ арнасының мәліметінше, соққы «Воронеж жартылай өткізгіш құрылғылар зауытына» бағытталған. Кәсіпорын зымырандарға және әскери техникаға арналған электрондық бөлшектер шығарады деп хабарланып отыр.

Кейбір әскери сарапшылар шабуыл кезінде Украина армиясы британ-француз өндірісіндегі Storm Shadow қанатты зымырандарын қолдануы мүмкін деген болжам айтуда. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Бұған дейін Воронеж облысының губернаторы Александр Гусев өңірде зымыран қаупі жарияланғанын мәлімдеген болатын.

Қазіргі уақытта кәсіпорынның нақты қаншалықты зақымданғаны, зардап шеккендер бар-жоғы және қолданылған қару түрі жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ. Ресей билігі мен Украина тарапы әзірге оқиғаға қатысты толық түсініктеме берген жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Украина Ресей