Оқиғалар

WhatsApp арқылы ойыншылар тартқан онлайн-казино ұйымдастырушылары жазаланды

Шымкентте "Bingo-37" және "Lotoboom" онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін жүргізген екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Фото: из открытых источников

Сот үкімімен қылмыстық жолмен алынған кіріске сатып алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті аталған іс бойынша тергеуді аяқтаған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, ұйымдастырушылар WhatsApp арқылы азаматтарға құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныстар жіберген. Ойынға қызығушылық танытқандарға жеке аккаунт ашылып, кіру деректері берілген. Ақша аудару үшін банк шоттарының деректемелері де жолданған.

Қаражат қабылдау мен ұтыстарды төлеу кезінде 14 адамның атына ашылған банк шоттары пайдаланылған. Мұндай шоттар дропперлік шоттар деп аталады.

Тергеу барысында екі онлайн-казиноның жалпы айналымы 3,1 млрд теңгеге жеткені анықталды. Ал заңсыз жолмен түскен табысқа ұйымдастырушылар 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған. Олардың қатарында BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza және SsangYong Rexton автокөліктері, сондай-ақ екі жер учаскесі бар.

Сот шешімімен екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылып, аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі