Әлеумет

WhatsApp чатының скриншоты сотта дәлел бола ала ма?

Әлеуметтік желідегі жазба немесе WhatsApp чатындағы хабарлама авторын сот алдында жауап беруге мәжбүр етуі мүмкін.

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандағы сот практикасы әлеуметтік желідегі жарияланымдар мен чат скриншоттарының азаматтық дауларда дәлел ретінде қаралатынын көрсетіп отыр.

Өскемен қаласында тұрғын Instagram желісінде өзіне қатысты жағымсыз жарияланымдар тарағанын айтып, сотқа жүгінген. Екі қолданушы оның суретін әдепсіз сөздермен және мінез-құлқына қатысты айыптаулармен бірге жариялаған.

Жауапкерлер жазбаларды "жеке пікір" деп түсіндіруге тырысқан. Алайда сот бұл уәжбен келіспеді. Соттың пайымдауынша, нақты адамға қатысты эмоционалды сипаттағы айыптаулар жай пікір емес, дәлелдеуді қажет ететін мәлімдемелер болып саналады. Жауапкерлер өз сөздерін растайтын дәлел ұсына алмаған.

Бұған қоса, әйелдің фотосуретін келісімінсіз жариялау да құқықтық салдарға әкелген. Сот екі жауапкерге жарияланымдарды алып тастап, оларды теріске шығаруды міндеттеді. Әрқайсысынан моральдық зиянды өтеу ретінде 300 мың теңгеден, сондай-ақ сот шығындары өндірілді. Апелляциялық және кассациялық сатылар бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Тағы бір іс WhatsApp чатындағы жазбаларға қатысты болды. Астана тұрғыны тұрғындар жиналысына қатысқаннан кейін, шамамен 1,5 мың адам отырған екі чаттан өз суретін көрген. Ол фотосуретті келісімінсіз жариялаған көршілеріне қатысты талап қойған.

Сот WhatsApp чатындағы скриншоттарды электрондық дәлелдеме ретінде таныды. Адамның фотосуретін оның келісімінсіз үлкен аудиторияға тарату құқықтың бұзылуы деп бағаланды.

Алайда сот хабарламаларды чаттан толық алып тастау туралы талапты қанағаттандырмаған. Себебі белгілі бір уақыт өткеннен кейін хабарламаларды барлық қатысушының құрылғысынан бірдей өшіру техникалық тұрғыда мүмкін емес.

Нәтижесінде талап қоюшының пайдасына екі көршісінен моральдық зиян ретінде 20 мың теңгеден өндірілді. Үшінші жауапкердің бұл іске қатысы дәлелденбегендіктен, оған қойылған талап қанағаттандырылмады.

Сот практикасы әлеуметтік желідегі "жеке пікір" деген желеумен нақты адамға қатысты дәлелсіз айыптаулар тарату жауапкершіліктен босатпайтынын көрсетеді. Сондай-ақ Instagram, WhatsApp секілді платформалардағы скриншоттар азаматтық дауда электрондық дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Сондықтан әлеуметтік желіге немесе чатқа біреудің суретін жарияламас бұрын оның келісімін ескеру, ал адамға қатысты нақты айыптау айтылған жағдайда оның шынайылығын дәлелдей алатыныңызға көз жеткізу қажет.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: WhatsApp Айғақ