Сараптама

Wildberries Қазақстанға соғыс пен санкция шақыруы мүмкін бе?

Украина Ресеймен соғыста шабуыл тактикасын тағы да өзгертті. Енді Киевтің негізгі нысандарының біріне Ресейдегі ірі логистикалық компания – Wildberries ілікті.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

 Украина небәрі 3 аптаға жуық уақытта Ресейдегі Wildberries-тің жиырмадан астам қоймасына дронмен шабуыл жасады. Оған себеп ретінде Зеленский аталған компанияның соғысқа қажетті бөлшектерді тасып, Кремльге көмектесіп жатыр деген уәж келтірді. Алайда Wildberries өкілдері мұны жоққа шығарды.

Шабуылдан соң көп ұзамай Wildberries Қазақстаннан 100 мың шаршы метрлік қойма іздеп жатқаны туралы мәлімет таралды. Іле-шала Wildberries-тің Астана мен Алматыда 260 мың шаршы метрлік қойма салып жатқаны туралы ақпарат шықты. Жұрт арасында «Украина бізге дронмен шабуыл жасамай ма? Санкцияға ілігіп кетпейміз бе?» деген алаңдаушылық пайда болды.

Фото: ашық дереккөз

Күлге айналған қоймалар

Украина алғаш рет осы жылдың 18 шілдесінде Мәскеу мен Тамбов облыстарындағы Wildberries қоймаларына дронмен шабуыл жасады. Салдарынан өрт шығып, 8 жұмысшы қаза тапты. Осыдан соң Украина Wildberries қоймаларына әуеден соққы жасауды әдетке айналдырды. Кей нысан толық жанып кетсе, енді бірі жұмысын уақытша тоқтатты. Кейбір орталықтарда адамдар қаза тауып, ондаған адам жараланды.

2 тамызда Самара облысының Новосемейкино елді мекеніндегі алып қойма өртенді. Жергілікті биліктің мәліметінше, жалпы аумағы 180 мың шаршы метр болатын нысанның 160 мың шаршы метрі отқа оранып, ондағы тауарлардың барлығы дерлік жойылған. 3 тамызда Владимир облысындағы қоймада 100 мың шаршы метр аумақты қамтыған өртті сөндіруге 200-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. 4 тамызда Ленинград, Тверь және Мәскеу облыстарындағы қойма аймақтары зақымданды.

5 тамызға қараған түні кезек Тула облысына жетті. Алексин қаласындағы Wildberries сұрыптау орталығына дрон түсіп, өрт шықты. Бір адам жараланды, қызметкерлер эвакуацияланды. Сарапшылардың бағалауынша, кейінгі бір айдағы шабуылдар салдарынан маркетплейс сатушыларының шығыны 215-280 млрд рубльге жетуі мүмкін.

Шілденің басында Wildberries сатушылармен жасалатын келісімшартқа өзгеріс енгізіп, енді қару-жарақ, әскери техника, дрон аппараттары, оқ-дәрілер, атыс пен жарылыстар салдарынан туындаған шығындар үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайтынын мәлімдеді. Бұл қоймада тауарын сақтаған қазақстандық кәсіпкерлердің шығыны 1 млрд теңгеге жеткен.

Қоймаларды неге нысанаға алды?

Украина президенті Володимир Зеленский Wildberries қоймаларына жасалған алғашқы соққыларды «Ресейдің украин қалалары мен азаматтық инфрақұрылымына шабуылдарына жауап» деп атады.

Оның айтуынша, Мәскеу және Тамбов облыстарындағы логистикалық орталықтар Ресейге санкцияны айналып өтіп әкелінген дрон компоненттерін, навигациялық жабдықтарды және басқа да қажетті құралдарды жеткізу үшін пайдаланылған. Украина тарапы бұл қоймаларды қарапайым сауда нысаны емес, Ресейдің әскери жабдықтау тізбегінің бір буыны ретінде қарастырып отыр.

Киевтің екінші мақсаты – Ресейдің экономикасына қысым жасау. Мұнай өңдеу зауыттары мен әскери кәсіпорындарға жасалған соққылардан бөлек, ірі сауда және логистика желілерінің істен шығуы миллиондаған тұтынушыға, кәсіпкерге, банкке және сақтандыру компаниясына әсер етеді.

Wildberries қоймаларында компанияның өз тауары ғана емес, жүздеген мың шағын және орта кәсіпкердің өнімі сақталады. Қойма өртенсе, ғимарат иесімен бірге киім сатушы, тұрмыстық техника жеткізуші, косметика өндіруші және несиеге тауар алған кәсіпкер де шығынға батады. Осылайша бір дронның салдары бір ғана компаниямен шектелмей, кәсіпкерлерге, банктерге, жеткізушілерге және тұтынушыларға тарайды.

Украина мұндай соққыларды кейде «алыстан салынған санкциялар» деп сипаттайды. Яғни халықаралық санкция белгілі бір компанияның шотын, импортын немесе технологияға қол жеткізуін шектесе, дрон шабуылы оның нақты өндірістік және логистикалық қуатын істен шығаруға бағытталған.

Алайда бұл жерде азаматтық нысандар мен әскери логистика арасындағы шекара жөнінде үлкен дау бар. Wildberries басшысы Татьяна Ким шабуылдарды «терроризм» деп атап, қоймаларда қарапайым адамдар жұмыс істейтінін мәлімдеді. Ресей билігі де «Wildberries әскери жабдықтаумен айналыспайды» деп ақталды. Компанияның айтуынша, маркетплейстегі тактикалық немесе қосарлы мақсатта қолданылуы мүмкін өнімдер Amazon және Alibaba сияқты өзге жаһандық платформаларда да сатылады.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Қазақстанға Wildberries қажет пе?

Wildberries Ресейдегі қоймаларын сақтап қалу үшін арпалысып жатса да, Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымын бірнеше есеге кеңейтпек. Сауда және интеграция министрі Арман ШАҚҚАЛИЕВТІҢ мәліметінше, компания қазір Қазақстанда шамамен 46 мың шаршы метр қойма орнын жалдап пайдаланады. 2027 жылдың бірінші тоқсанында Астана мен Алматыда жалпы аумағы 260 мың шаршы метр болатын жаңа кешендерді іске қосу жоспарланып отыр. Астанадағы хабтың аумағы 160 мың, Алматыдағы кешеннің көлемі шамамен 100 мың шаршы метр болады.

Үкіметтің ресми дерегінде Астанадағы Wildberries Kazakhstan логистикалық хабына 47,7 млрд теңге инвестиция салынатыны көрсетілген. Жоба 6 мың жұмыс орнын ашуға тиіс. Нысанды пайдалануға беру мерзімі – 2027 жылдың бірінші тоқсаны.

Жаңа кешендер іске қосылса, Wildberries-тің Қазақстандағы қойма сыйымдылығы бес еседен астам ұлғаяды. Бұл қазақстандық сатушылар үшін тауарды Ресей қоймаларына жібермей-ақ, ел ішінде сақтап, жылдам жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін. Жаңа жұмыс орындары ашылады, логистика дамиды, жергілікті өндірушілердің кең нарыққа шығуына жол ашылады. Бірақ...

Қазіргі жағдайда Астана немесе Алматыдағы Wildberries қоймасына Украина дронының әдейі шабуыл жасау ықтималдығы өте төмен. Ресейдегі нысанға соққы жасау мен Қазақстан аумағына шабуыл жасаудың саяси-құқықтық салдары екі бөлек. Қазақстан – Ресей мен Украина соғысына тікелей қатыспайтын, халықаралық деңгейде мойындалған тәуелсіз мемлекет. Қазақстан аумағындағы нысанға әдейі соққы жасау елдің егемендігін бұзу болып саналып, соғыстың географиясын кеңейтіп жіберуі мүмкін.

Украинаның қазіргі Wildberries науқаны Ресей аумағы мен Ресей бақылауындағы Қырымдағы нысандарға бағытталған. Сонымен қатар Астана мен Алматыдағы нысандар Ресейдің батыс бөлігіндегі қоймалар секілді қазіргі дрон қаупінің табиғи географиясында тұрған жоқ. Ұшу қашықтығы, маршрут, әуе кеңістігі және саяси салдар мұндай операцияны әлдеқайда күрделі етеді. Дегенмен «ешқандай қауіп жоқ» деп те қол қусырып отыруға тағы болмайды.

Фото: Жас Алаш

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы: Ресейден өтініш түскен шығар

– Біз – жеке мемлекетпіз. Қай елмен қандай қарым-қатынас жасайтынымызды өзіміз шешеміз. Wildberries қоймаларының елімізде салынуына қажеттілік жоқ сияқты. Өзімізде де логистикалық компаниялар жетеді. Бұл қоймадан бізге пайда да, зиян да келмейді. Бәлкім, Ресейден өтініш түскен шығар. Біздің қарым-қатынасымыз көрші елмен тонның ішкі бауындай ғой. Біздің билік Ресейге жалтақтауын әлі қоймай келеді. Ермұхамет Ертіспаевтың айтқанынан жаның түршігеді. Оған сенсек, біздің тәуелсіз ел болып тұрғанымыз Ресейдің арқасы екен. Министр болған адам осылай айтса, басқадан не үміт, не қайыр?! Сондықтан Астана мен Алматыдан Wildberries қоймаларының ашылуына таңғалуға болмайды. Бұл Ресей ықпалының кесірі деп ойлаймын.

Бұл қоймаларды салудан бізге Украина тарапынан соғыс қаупі тумайды. Оған сенімдімін. Сол сияқты санкция қаупі де жоқ. Себебі Қазақстан арқылы Ресейге қару тасу мүмкіндігі жоқ.

Фото: ашық дереккөз

Дроннан бұрын санкция жетуі мүмкін бе?

Қазақстанға тікелей әскери шабуылдан гөрі санкциялық қауіп анағұрлым жақын сияқты. Wildberries маркетплейсінің өзі Еуропалық одақ пен Ұлыбританияның санкциясына енгізілген жоқ. Бірақ оның қаржы қанаты – Wildberries Bank немесе WB Bank биыл 16 маусымда Ұлыбританияның санкциялық тізіміне қосылды. Лондон бұл банкті «Ресейдің стратегиялық қаржы секторында жұмыс істеп, Ресей үкіметіне пайда келтіретін құрылым» деп бағалады. Оған активтерді бұғаттау, корреспонденттік банк қатынастарына және төлем өңдеуге шектеу қойылды.

23 шілдеде Еуропалық одақ та Wildberries-тің банк құрылымына санкция енгізді. Бұл Қазақстандағы Wildberries қоймалары автоматты түрде санкцияға түседі деген сөз емес. Қойма салу, тауар сақтау немесе Қазақстандағы тұтынушыларға киім жеткізу – санкциялық құқық бұзушылық саналмайды.

Қауіп басқа жағдайда туады. Қазақстан санкцияланған банкпен тікелей есеп айырысса, Ресейдің әскери өндірісіне қажет қосарлы мақсаттағы тауарларды жеткізсе немесе санкцияны айналып өтетін арнаға айналса, халықаралық қаржы ұйымдары мен шетелдік серіктестер онымен жұмыс істеуден бас тартуы ықтимал.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі