Қоғам

Wildberries қоймаларындағы шабуыл қазақстандық кәсіпкерлерді 1,45 млрд теңге шығынға батырды

Фото: Tatyana Makeyeva/AFP

Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің қоймаларында болған шабуылдар қазақстандық бизнес өкілдеріне де залал келтірген.

Алдын ала мәлімет бойынша, 223-тен астам отандық кәсіпкердің тауары бүлінген немесе зардап шеккен. Кәсіпкерлердің жалпы шығыны 1,45 млрд теңге деп бағаланып отыр. Дегенмен, оларға өтемақы төлене ме және төленсе, қашан беріледі деген сұрақтарға әзірге нақты жауап жоқ.

Мәселені Қазақстанның "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған. Қазір ұйым зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімін тексеріп, әрқайсысының шығынын нақтылауға күш салып жатыр. Сонымен қатар бизнес өкілдеріне қандай көлемде өтемақы берілгенін анықтау көзделген.

Кәсіпкерлер палатасы мен тиісті тараптар шығынды өтеу жолдарын және қазақстандық сатушылардың Wildberries платформасында жұмыс істеу талаптарын да талқылаған. Алайда келіссөздерге қарамастан, өтемақы мәселесі әлі түпкілікті шешілген жоқ.

"Атамекеннің" хабарлауынша, бұған дейін Wildberries компаниясы мен Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігіне ресми өтініштер жолданған. Бірақ алғашқы сұрауларға жауап берілмеген.

Осылайша, жүздеген қазақстандық кәсіпкердің тауары зардап шеккенімен, келтірілген шығынның қанша бөлігі өтелетіні әзірге белгісіз. Өтемақы төлеу тәртібі мен мерзімі де нақтыланбаған.

Сайт Әкімшілігі