Әлеумет

Wildberries сатушылары өрттен кемінде 150 млрд рубль шығынға ұшырауы мүмкін

Бұл – маркетплейстің өзінің шығынынан шамамен бес есе көп.

Фото: ашық дереккөз

Егер Wildberries бұл шығынды толық өтейтін болса, оған өткен жылғы жылдық пайдасының басым бөлігін жұмсауға тура келер еді.

18 шілдеге қараған түні Украина Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің екі қоймасына шабуыл жасады. Украина тарапы бұл қоймаларда дрондарға арналған қосалқы бөлшектер сақталғанын мәлімдеген.

Шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, 80-нен астам адам жарақат алды. Қоймалар мен ондағы тауарларға келтірілген нақты шығын әзірге белгісіз. Сарапшылардың айтуынша, оны есептеу үшін кемінде бір ай қажет болады.

Forbes, сондай-ақ «Коммерсант» пен «Ведомости» басылымдары сарапшылардың бағасына сүйене отырып, Wildberries пен оның сатушыларының қанша шығынға ұшырағанын есептеуге тырысқан. Қорытындыға сәйкес, сатушылардың шығыны маркетплейстің өз шығынынан әлдеқайда көп болуы мүмкін, ал толық өтемақы алу ықтималдығы төмен.

Wildberries қанша шығынға ұшырады?

Шабуылға Мәскеу облысындағы Электросталь қаласында орналасқан (250 мың шаршы метр аумақты қамтитын) Wildberries-тің ең ірі логистикалық орталығы және Тамбов облысының Котовск қаласындағы (108 мың шаршы метр) қоймасы ұшырады.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл екі қойма Wildberries қоймаларының жалпы аумағының 6,5–9 пайызын құрайды. Олардың істен шығуы маркетплейстің жұмысын толық тоқтатпайды, бірақ логистикалық желіге түсетін жүктемені арттыруы мүмкін.

Сонымен бірге сатып алушылар үшін жеткізу мерзімі айтарлықтай кешігеді деп күтілмейді, өйткені компанияда көптеген сұрыптау орталықтары бар және бағыттарды жедел қайта ұйымдастыруға мүмкіндік жеткілікті.

«Коммерсант» пен Forbes дерегінше, қоймаларды қалпына келтірудің бір шаршы метріне 60–100 мың рубль қажет болуы мүмкін. Осылайша жалпы шығын 22–36 млрд рубль аралығында бағалануда.

Салыстыру үшін, Wildberries-тің 2025 жылғы таза пайдасы – 175 млрд рубль болған.

Өртке ұшыраған қоймалардың сақтандырылғаны әзірге белгісіз. Нарықтағы деректерге сәйкес, Wildberries әдетте өз нысандарын сақтандырмайды. Соған қарамастан, компания бұл шығынды өз күшімен өтей алады деген пікір бар.

Компания қоймаларды мүмкіндігінше тез іске қосуды көздеп отыр. Котовск қоймасы шабуылдан кейін бес күн өткен соң – 23 шілдеде жұмысын қайта бастамақ. Ал Электросталь қоймасының қашан ашылатыны әзірге белгісіз.

Сатушылардың шығыны қанша болуы мүмкін?

2024 жылы Wildberries-тің Ленинград облысындағы Шушары кентіндегі қоймасы өртенген кезде компания сатушыларға 35 млрд рубль көлемінде өтемақы төлеген болатын.

Ал бұл жолғы шығын әлдеқайда ауқымды.

Data Insight зерттеу агенттігінің сарапшысы Сергей Семконың айтуынша, Электросталь мен Котовск қоймаларында сақталған тауарлардың жалпы құны 150–235 млрд рубль болған. Оның ішінде толық жойылған өнімдердің құны 150–170 млрд рубльге жетуі мүмкін.

Wildberries өтемақы төлеуге міндетті ме?

Заң жүзінде компания сатушылардың шығынын өтеуге міндетті емес.

Өйткені 7 шілдеде, яғни шабуылдан 11 күн бұрын, Wildberries сатушылармен жасалатын келісімге өзгеріс енгізіп, форс-мажор жағдайлары үшін жауапкершілікті өз мойнынан алып тастаған. Дрон шабуылдары да осы санатқа енгізілген.

Жаңа талаптарды қабылдаған сатушылардың сот арқылы өтемақы өндіріп алу мүмкіндігі өте төмен.

Ал келісімнің жаңа нұсқасын қабылдамаған немесе тауарларын өзгеріс енгізілгенге дейін қоймаға тапсырған сатушылардың мүмкіндігі жоғарырақ болғанымен, заңгерлер олардың да жеңіске жететініне кепіл жоқ екенін айтады.

Сарапшылардың пікірінше, егер сатушылар Wildberries қоймалардағы тауарларды қорғау үшін жеткілікті қауіпсіздік шараларын қолданбағанын дәлелдей алса, сот арқылы шығынның бір бөлігін өндіріп алу мүмкіндігі болуы ықтимал.

Компания қандай көмек ұсынады?

Umbrella Consulting Group компаниясының серіктесі Кирилл Агаповтың айтуынша, Wildberries үшін бұл тек қаржылық емес, бедел мәселесі де.

Сондықтан компания зардап шеккен сатушыларға қолдау көрсетуге уәде бергенімен, әзірге тікелей өтемақы емес, мынадай жеңілдіктер ұсынып отыр:

  • комиссиялар мен айыппұлдарға уақытша жеңілдіктер;
  • айыппұлдарды уақытша алып тастау;
  • несие бойынша қолдау шаралары.

Forbes есебінше, егер шығын көлемі расымен 150–170 млрд рубль болса, Wildberries оны толық өтеу үшін өткен жылғы таза пайдасының басым бөлігін жұмсауға мәжбүр болар еді.

Сақтандыру да көп көмектеспеуі мүмкін

Wildberries сатушылары үшін сақтандыру бағдарламалары бар болғанымен, олар негізінен тауардың жоғалуы, бүлінуі немесе ауыстырылуын ғана қамтиды.

Polis.online компаниясының бас директоры Андрей Креердің бағалауынша:

  • Wildberries сатушыларының небәрі 5–7 пайызының ғана сақтандыру полисі бар;
  • олардың ішінде тек 10–20 пайызының полисінде диверсия немесе әскери шабуыл қаупі қамтылған.

Электрондық сауда өкілдері қауымдастығының басшысы Алексей Москаленконың айтуынша, қоймалардағы түгендеу аяқталғаннан кейін сатушылар Wildberries-пен өтемақы мәселесі бойынша келіссөз жүргізеді.

Ал Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасының электрондық коммерция кеңесінің төрағасы Алексей Федоров бұл мәселеге мемлекет те араласуы мүмкін деген пікір білдірді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Wildberries