Қоғам

"Яндекс" жүйесіндегі ақау: депутаттар қазақстандықтардың жеке деректеріне алаңдаулы

Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің жұмысындағы ақаудан кейін Құрылтай депутаттары азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.

Фото ЖИ / JasAlash

Олар деректердің шетелге берілу заңдылығын тексеруді және мемлекеттік мекемелердің ақпаратты қорғау талаптарын сақтауын бақылауды ұсынды.

Құрылтай отырысында "Әділет" партиясының депутаты Ләззат Жылқыбаева Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, 11 қазанда қазақстандықтар "Яндекс" компаниясының бірқатар қызметін пайдалана алмай қалған. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымның ақауымен түсіндірген. Ал министрлік қазақстандықтардың жеке деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, жүйенің кейбір құрамдас бөліктері шетелде екенін растаған.

Жылқыбаева телефон нөмірі, мекенжай, жүріп-тұру бағыты және төлем деректері сияқты ақпаратты өңдейтін сервистің шетелдегі техникалық ақауға байланысты тоқтауы деректердің қай елде және қандай құқықтық тәртіппен өңделетінін нақтылауды қажет ететінін айтты.

Депутат азаматтардың жеке мәліметтерінің ашық жариялануына да назар аударды. Оның мәліметінше, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы мемлекеттік сатып алу порталында 529 қызметкердің жеке дерегін жариялаған. Ал Семейде қызметкерлердің мәліметтерімен қатар 344 кәмелетке толмаған баланың деректері де ашық қолжетімді болған.

"Бұл ақпаратты алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оны қорғауға міндетті ұйымдардың өздері ашық жариялаған", – деді депутат.

Ол азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу, банкке жүгіну, емханаға тіркелу немесе баласын мектепке орналастыру кезінде жеке мәліметтерін беретінін еске салды. Алайда кейін бұл ақпаратқа кімнің қол жеткізетіні, қандай мақсатта пайдаланылатыны және азаматтардың оны бақылау мүмкіндігі қандай екені маңызды мәселе болып қала береді.

Әсіресе, балалардың жеке деректеріне ерекше назар аудару қажет. Депутаттың сөзінше, баланың тұрғылықты жері, оқитын мектебі, денсаулық жағдайы мен отбасының әлеуметтік ахуалы туралы мәліметтердің таралуы оның жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Осыған байланысты Құрылтай мүшелері бірнеше шара ұсынды. Атап айтқанда, 11 қазандағы оқиғадан кейін жеке деректерді шекарааралық беру заңдылығын тексеру, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың деректерді жинау тәртібін бақылау және ашық жарияланбауға тиіс мәліметтерді бүркемелеу талаптарының орындалуын анықтау қажет.

Сонымен қатар депутаттар осы саладағы мамандардың біліктілігін арттыруды, жергілікті атқарушы органдарға арналған бірыңғай тексеру әдістемесін әзірлеуді және жеке деректері заңсыз жарияланған азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерінің тиімді жұмысын қамтамасыз етуді ұсынды.

Еске салайық, 11 қазанда Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің жұмысында ақаулар тіркелген. Компания технологиялық қызметтердің жұмысы әртүрлі елдерде орналасқан таратылған есептеу инфрақұрылымына тәуелді екенін түсіндірген. "Яндекс" 2023 жылдан бері толық иелік ететін Uber сервисін пайдаланушылар да іркілістерге шағымданған.

Сайт Әкімшілігі