Өңір

«Заң мен тәртіп»: Астанада діни сауаттылықты арттыруға бағытталған «Ашық алаң» акциясы өтті

Астанада тұрғындардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға бағытталған «Ашық алаң» атты ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды.

Фото: gov.kz

Іс-шара елордадағы Орталық жағажай аумағында өтіп, оған қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Акция «Заң мен тәртіп – тұғырымыздың негізі» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – азаматтарға діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың қауіптілігі туралы түсіндіру, деструктивті діни ағымдардың белгілері жөнінде ақпарат беру және діни қызмет саласындағы заңнаманы кеңінен насихаттау.

Іс-шара Астана қаласының Дін істері басқармасының қолдауымен және «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер қоғамда діни сауаттылықты арттырып қана қоймай, жастар мен тұрғындардың түрлі күмәнді ақпараттарға сыни көзқараспен қарауына ықпал етеді.

Акция барысында қатысушылар үшін танымдық әрі интерактивті бағдарламалар әзірленді.

Атап айтқанда, ұлттық құндылықтар, қазақ халқының салт-дәстүрлері, Қазақстан тарихы және дін мен дәстүр сабақтастығы тақырыптарында сұрақ-жауап форматындағы викторина өткізілді. Қатысушылар өз білімдерін сынап қана қоймай, тарихи және мәдени құндылықтар туралы тың мәліметтер алды.

Балаларға арналған арнайы бағдарламалар да ұйымдастырылды. Жас қатысушылар Отан, отбасы, білім және адамгершілік тақырыптарындағы мақал-мәтелдер сайысына қатысып, өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар іс-шараны өткізуге белсенді қатысқан еріктілер де естелік сыйлықтармен марапатталды.

Акция аясында тұрғындарға үш мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылды. Онда деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдар туралы мәліметтер, сондай-ақ діни мәселелер бойынша сенімді ақпарат көздерін пайдалану жөніндегі ұсынымдар қамтылған.

Бұдан бөлек, шара барысында келушілерге діни экстремизмнің алдын алу, радикалды идеологиялардың қоғамға тигізетін зардаптары және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыптарына арналған арнайы бейнероликтер көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Сайт Әкімшілігі