Заң мен тәртіп: Түркістан қалай қауіпсіз өңір атанды?
Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі – заңның үстемдігі мен құқықтық мәдениеттің орнығуы. Әсіресе соңғы жылдары жастар арасындағы құқықбұзушылық, нашақорлық, лудомания, интернет-алаяқтық және түрлі деструктивті құбылыстардың белең алуы жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. Осы себепті де құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің жұмысын жаңа деңгейге көтеруді талап етіп отыр. Себебі заң талаптарын құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін қоғам ғана орнықты дамуға қол жеткізе алады. Осы тұрғыдан алғанда «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» елдегі құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды стратегиялық құжат саналады. Аталған тұжырымдаманы жүзеге асыру жұмыстары Түркістан облысында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланып, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланды.
Жиында Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасап, тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі жоспар бес негізгі бағыт пен 55 іс-шарадан тұратынын жеткізді. Оның айтуынша, жоспар аясында полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктелген. Атап айтқанда, іс-шаралар жоспарының тоғыз тармағы тікелей осы мекемелердің үйлесімді жұмысына негізделген. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жастар арасында заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылған кешенді жұмыстардың нақты нәтижелері де байқалып отыр. Есептік кезеңде облыста құқықбұзушылық деңгейі 4,6 пайызға төмендесе, қылмыс көрсеткіші 4,5 пайызға азайған. Сонымен бірге қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 3,6 пайызға кеміген. Оның ішінде көшелерде тіркелген қылмыстар көлемі 1 пайызға қысқарған. Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның барлық институттарының бірлескен жұмысының нәтижесі екені анық. Қабылданған шаралардың тиімділігі арқасында Түркістан облысы криминогендік ахуал бойынша республикадағы ең қауіпсіз өңір ретінде танылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұрғындардың белсенділігін арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде облыс көлемінде қоғамдық тәртіпті сақтауға 1 236 қоғамдық көмекші тартылған. Олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізіп, құқықтық тәртіптің сақталуына үлес қосып келеді. Осы қоғамдық көмекшілердің қатысуымен 451 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 11 қылмыстың ашылуына ықпал жасалған.
Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және халықпен кері байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылатын «Жолда қабылдау» акциясы да өз тиімділігін көрсетіп отыр. Биылғы жылдың өзінде бұл акция 23 рет өткізілген. Іс-шараларға түрлі салалар бойынша 120 маман жұмылдырылып, нәтижесінде 3 мыңнан астам азаматтың өтініші қаралған. Тұрғындарға құқықтық кеңестер беріліп, олардың өзекті мәселелерін шешу жолдары түсіндірілген. Қазіргі таңда қоғамды алаңдатып отырған ең күрделі мәселелердің бірі – есірткіге тәуелділік. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, нашақорлықпен күресте жазалау шараларынан гөрі алдын алу жұмыстары әлдеқайда тиімді нәтиже береді. Мәселен, Сингапур, Жапония, Финляндия секілді елдерде құқықтық тәрбие мектеп қабырғасынан басталып, мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары және азаматтық қоғам институттары бірлескен кешенді жұмыстар жүргізеді. Түркістан облысында да осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беріліп отыр. Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында білім, қоғамдық даму және денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп 883 профилактикалық іс-шара өткізілген. Бұл кездесулерде жастарға есірткінің зияны, оның жеке тұлға мен қоғамға тигізетін зардаптары түсіндіріліп, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері кеңінен насихатталған.
Жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру да маңызды бағыттардың бірі саналады. Осы мақсатта облыста 21 «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып, онда 458 оқушы білім алып жатыр. Бұл сыныптарда оқушылар құқықтық тәрбие алып қана қоймай, қоғамдық жауапкершілік, патриотизм және тәртіп құндылықтарын меңгермек. Сонымен қатар облыс прокуратурасымен бірлескен «Қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған тұрақты профилактикалық сабақтар өткізіліп келеді. Сабақтар барысында оқушыларға заң талаптары, киберқауіпсіздік, буллингтің алдын алу, жауапкершілік мәдениеті және құқықтық қорғану тетіктері түсіндірілмек.
Мәжілісте Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл де баяндама жасап, тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында жүргізіліп жатқан ақпараттық-насихат жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды. Оның мәліметінше, жыл басынан бері облыс көлемінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында 329 іс-шара ұйымдастырылып, оған 30 мыңға жуық жас қамтылған. Аталған кездесулерде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын түсіндіру және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мәселелері кеңінен қозғалған. Сонымен қатар жастар арасында құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, лудоманияның, ерте жүктіліктің, буллингтің, сталкингтің және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында 956 психо-профилактикалық іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 70 150 жас қамтылып, олардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік жасалған. Әсіресе соңғы жылдары әлем бойынша лудоманияның қоғамдық проблемаға айналуы көптеген мемлекеттерді жаңа шешімдер іздеуге мәжбүрледі. Құмар ойындарға тәуелділік адамның қаржылық жағдайына ғана емес, оның әлеуметтік байланыстарына, психологиялық ахуалына және отбасының тұрақтылығына да кері әсер етеді. Сондықтан жастар арасында мұндай қауіптердің алдын алу жұмыстарының маңызы артып отыр.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі президенттің тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін атап өтті. Өңір басшысы жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлықпен, лудоманиямен және интернет-алаяқтықпен күрес бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге барлық жауапты мемлекеттік органдар мен мүдделі мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында белгіленген міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және заң талаптарын құрметтейтін азаматтық қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар құқықбұзушылықпен күрестің тек жазалау шараларымен шектелмейтінін көрсетеді. Құқықтық ағарту, профилактика, жастар тәрбиесі, қоғамдық серіктестік және азаматтық жауапкершілікті күшейту бағытындағы кешенді шаралар қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Заң мен тәртіп қағидаты қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған кезде ғана қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптасатыны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыстар өңірде алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сәруар Бақберген
Түркістан облысы