Әлеумет

Іздеуде жүрген Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласына қатысты жаңа жайттар белгілі болды

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновке қатысты оқиға жаңа сипат алды.

Коллаж

Бұл жолы назар оның азаматтығы мен бірнеше елдің төлқұжатына ие болуы мүмкін деген мәселеге ауды.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, халықаралық іздеу жарияланған Қапенов қазір Қырғызстанда тұрып жатыр және өзін осы елдің азаматы деп есептейді. Журналистің пікірінше, бұл жағдай оның Қазақстанға экстрадициялануын қиындатуы мүмкін.

Қапенов Қазақстанда тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікті саналады. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі бойынша, ол алаяқтық пен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Келтірілген шығын көлемі 5 миллиард теңгеден асады.

Бұған қоса, жақында Мәскеу соты Қапеновты қазақстандық кәсіпорындағы үлесті жымқырды деген іс бойынша сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған.

Козачковтың жазуынша, Азамат Қапенов 1978 жылы Қырғыз Республикасының Қаракөл қаласында дүниеге келген. Кейін Бішкекке көшіп, 1995 жылы Алматыға келіп, ҚазМУ-да білім алған.

Журналистің дерегіне сүйенсек, 2001 жылы Қапенов тарихи отанына оралу негізінде Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген. Сол кезде ол Қырғызстан азаматтығынан бас тартуға тиіс болған.

Сол жылы арнайы тексеруден өтіп, Қазақстан заңдарын сақтауға міндеттеме бергеннен кейін Қазақстан азаматтығын алғаны айтылады.

Кейін ол қазақстандық құжаттарын бірнеше рет жаңартқан.

Мақалада Қапеновтың бұған дейін бұзақылық ісі бойынша жаза өтегені де айтылған. Алайда кейін, Кәрім Мәсімовтің қызымен некеге тұрғаннан соң, Алматы қалалық соты оны ақтаған.

Журналистің мәліметінше, 2016 жылы Қапенов Ресей азаматтығын алғаннан кейін Қазақстан азаматтығынан айырылып, оның қазақстандық төлқұжаты мен жеке куәлігі жарамсыз деп танылған.

Сонымен қатар жарияланымда Қапеновтың қазіргі уақытта Қырғыз Республикасының жарамды төлқұжаты бар екені айтылған.

Козачков Қырғызстан заңнамасы қос азаматтыққа белгілі бір жағдайларда рұқсат беретінін, алайда ерекшеліктер де бар екенін атап өтеді. Атап айтқанда, Қазақстан сияқты шекаралас мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда Қырғызстан азаматтығынан айырылу мәселесі туындауы мүмкін.

Осыған байланысты журналист Қапенов Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін Қырғызстан азаматтығын сақтап қалуы мүмкін бе және кейін Қырғызстан төлқұжатын қалай қайта рәсімдеді деген сұрақтар көтереді.

Қапеновтың өзі Instagram желісінде Қырғызстан азаматы болып туғанын және бұл азаматтықтан ешқашан бас тартпағанын мәлімдеген.

Сайт Әкімшілігі