Әлеумет

Зеленский 60 күндік бітім болса, президент сайлауын өткізуге дайын: Кремль неге келіспеді?

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейден дизель отынын сатып алу туралы келісім жариялап, артынша Украина президенті Зеленскийдің қызметінен кетуі керегін айтты.

Фото: ашық дереккөз

Ақ үй басшысының бұл мәлімдемесі Киевтің наразылығын туғызды. Ал Зеленский Ресей 60 күнге соғысты толық тоқтатса, президент сайлауын ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді. Алайда Кремль бұл ұсынысты қабылдамады.

9 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Ресейден дизель отынын сатып алу туралы келісімге келгенін жариялады.Келісім аясында Ресей алғашқы кезеңде АҚШ пен әлемдік нарыққа 300 мың тоннадан астам дизель отынын жеткізуге тиіс. Қарашада тағы 500 мың тонна, одан кейін 1 млн тонна және қосымша 3 млн тонна отын жеткізу жоспарланған.Бұған дейін Вашингтон Ресейдің энергетикалық секторына санкция салып, мұнай өнімдерін сатудан түсетін табысты шектеуге тырысқан еді. Себебі мұнай мен газ экспорты Ресей бюджетінің маңызды кіріс көздерінің бірі саналады. Ал бұл қаражаттың белгілі бір бөлігі Украинадағы соғысты қаржыландыруға жұмсалады.Енді Трамп әкімшілігі ресейлік дизельге қатысты шектеулерді уақытша жеңілдетіп отыр.

 Алайда сарапшылар келісімнің тиімділігіне күмән келтіреді. Олардың пікірінше, Ресей жеткізуге уәде берген дизель көлемі әлемдік нарықтағы тапшылықты толық жоюға жеткіліксіз. Оның үстіне Украина шабуылдарынан Ресейдің бірқатар мұнай өңдеу кәсіпорнының жұмысы бұзылған. Трамптың шешіміне АҚШ-тың өзінде де қарсылық білдірілді. Төрт республикашыл және екі демократ сенатор әкімшілікті Ресеймен жасалған келісімнен бас тартуға шақырды. Олар Вашингтон Ресейге қаржылай мүмкіндік берудің орнына Мәскеуге экономикалық қысымды күшейтуі керек деп есептейді.

Дизель келісімінен кейін Вашингтон мен Киев арасындағы келіспеушілік ашық сипат алды. 10 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Украинада президентті ауыстыру қажет екенін мәлімдеді. Ол Володимир Зеленскийді Ресеймен бейбіт келісімге келу мүмкіндігін бірнеше рет пайдаланбады деп айыптады.

"Мен Украинаға келісім жасай алатын жаңа басшы сайлауды ұсынамын. Өйткені Зеленскийдің бірнеше рет келісімге келуге мүмкіндігі болды. Бірақ қандай да бір себеппен ол мұны ешқашан жасамайды", – деді Трамп.

          АҚШ президенті сондай-ақ Украинаның Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарын сынады. Ал Киев мұндай ұстаныммен келіспейді. Украина билігінің пікірінше, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары елдің соғыс жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз ететін маңызды экономикалық нысандар. Оларға жасалған соққылар Ресейдің әскери шығындарын арттырып, қаржылық мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Зеленский де Трамптың дизель туралы келісімін сынға алып, санкцияларды жеңілдету Мәскеудің соғысты жалғастыруына қосымша мүмкіндік беретінін айтты.

Зеленский 60 күн уақыт сұрады

11 қазанда Володимир Зеленский Трамптың сынына жауап қайтарды. Ол Украина президентін кім сайлайтынын америкалық немесе ресейлік саясаткерлер емес, Украина халқы шешуі керегін айтты. Сондай-ақ Зеленский Путиннің де Украина басшылығының ауысуын қалайтынын атап өтті. Бұдан кейін "Путинге айтыңыздар, бізге екі ай, яғни 60 күн толық атысты тоқтату режимін берсін. Сонда біз сайлауды ұйымдастырамыз. Украина халқы қандай шешім қабылдаса да, соған дайынбыз"деді.

Ал12 қазанда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков

Кремль 60 күндік бітімге келіспейтінін мәлімдеді. Песков Украина билігін осы уақытта әскерді қайта жасақтауға, шығындарды толықтыруға және кейін соғысты жалғастыруға пайдалануы мүмкін деп айыптады. Алайда Ресей тарапы сайлауға байланысты бір күндік үзіліс жасау мүмкіндігін жоққа шығармады. Песковтың сөзінше, егер Украинада шынымен сайлау өтетін болса, Путин дауыс беру күні Украина аумағына соққы жасамау туралы бұйрық беруге дайын.

Энергетикалық бітім де жүзеге аспады

11 қазанда Дональд Трамп Ресей мен Украина энергетикалық нысандарға шабуылды тоқтату туралы келісімге келгенін жариялады. АҚШ президентінің мәлімдемесіне қарағанда, тараптар бір-бірінің электр станциялары мен басқа да энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасамауға тиіс болатын. Алайда бұл ақпаратты Киев те, Мәскеу де бірден растаған жоқ. Зеленский келісім туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан естігенін айтты. Оның сөзінше, Украина энергетикалық бітімді қолдауға дайын, бірақ Ресей де дәл осындай міндеттеме алуы қажет. Бірақ Трамптың мәлімдемесінен кейін де Ресей Украинадағы энергетикалық нысандарға шабуыл жасады. Атап айтқанда, Харьков қаласындағы электр станциясы мен басқа инфрақұрылым нысандарына соққы жасалғаны хабарланды.

Т. РАУШАНҰЛЫ

Сайт Әкімшілігі