Зеленский Беларусь билігіне Мадуроның тағдырын еске салды
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Беларусьті Украинаға қарсы соғысқа тағы да тартуға тырысуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскийдің баяндамасынан кейін өзінің Telegram-арнасында жазды.
Зеленскийдің айтуынша, Ресей әскері қазір майдан шебінде күштерін қайта топтастырып жатыр.
«Осыған байланысты Беларусь аумағында қарулы күштердің белсенділігінің артуы неліктен болып жатқаны айқындала түсуде», – деді Украина президенті.
Украина барлау деректеріне сәйкес, Беларусь аумағында Украина шекарасына бағытталған жолдар салынып, артиллериялық позициялар жабдықталуда.
Зеленскийдің сөзінше, ол тиісті арналар арқылы «Беларусьтің нақты билігін Украина өз жері мен тәуелсіздігін қорғауға дайын екені туралы ескерту» тапсырмасын берген.
«Венесуэлада жуырда болған оқиғалардың сипаты мен салдары Беларусь басшылығы үшін қателік жібермеудің ескертуі болуы тиіс», – деп жазды Зеленский. Осылайша ол АҚШ-тың қаңтар айының басында Венесуэла басшысы Николас Мадуроны ұстап, АҚШ-қа алып кеткен операциясына меңзеді.
Минск әзірге Зеленскийдің бұл мәлімдемесіне жауап берген жоқ.
Айта кетейік, Беларусь аумағында ресейлік әскери күштер орналасқан. 2022 жылғы ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруі кезінде Беларусь территориясы пайдаланылған. Дегенмен ресми Минск соғысқа қатыспайтынын айтып, өзін делдал ретінде ұсынған.
Беларусь президенті Александр Лукашенко бұған дейін соғысты қаламайтынын бірнеше рет айтқанымен, Украина немесе Батыс елдері Беларуське шабуыл жасаса, соғысқа кіруге дайын екенін мәлімдеген. 1 сәуірде ол елдің соғысқа дайындалып жатқанын айтып, бейбіт кезең туралы айту қиын екенін жеткізген. Сонымен бірге, мұндай дайындық соғыстың алдын алады деген үміт білдірген.