Саясат

Зеленский Берлинге келіп, Мерцпен кездесті

Украина президенті Владимир Зеленский 14 сәуір күні Германия астанасы Берлинге келіп, ел канцлері Фридрих Мерцпен кездесті.

Фото: Axel Schmidt/REUTERS

Сапар аясында Берлинде Германия мен Украина арасындағы үкіметаралық консультациялар өтуде. Кездесуге Зеленскийден бөлек, Украина үкіметінің бірнеше мүшесі де қатысуда.

Келіссөздер барысында Украинаға қаржылық және әскери қолдау көрсету, елді қалпына келтіру және украин босқындарын қайтару мәселелері талқыланбақ. Сонымен қатар, келіссөздердің маңызды тақырыптарының бірі – әскери жастағы украин азаматтарының тағдыры.

Тараптар бірқатар келісімдерге қол қоюы мүмкін. Кездесу қорытындысы бойынша Зеленский мен Мерц бірлескен баспасөз мәслихатын өткізеді деп жоспарланып отыр.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғалы бері Германия Киевке 55 миллиард еуро көлемінде әскери көмек көрсеткен. Бұл – Еуропа елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Ал 2026 жылға арналған Германия бюджетінде Украинаға көмек ретінде 11,5 миллиард еуро қарастырылған.

Берлиндегі кездесуден кейін Владимир Зеленский Норвегияға аттанады. Онда ол ел премьер-министрі Йонас Гар Стёремен кездесу өткізеді.

Сайт Әкімшілігі