Саясат

Зеленский мен Трамп елшілері Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты «жаңа идеялар» барын айтты

Украина президенті Владимир Зеленский Киевте АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стивен Уиткофф және Джаред Кушнермен келіссөз өткізді.

Фото: Reuters

Кездесуден кейін тараптар Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты «жаңа идеялар» талқыланғанын мәлімдед. Бұл туралы BBC жазды.

Уиткофф пен Кушнер Киевке Мәскеудегі келіссөздерден кейін келген. Бұл олардың соғыс басталғалы Украина астанасына жасаған алғашқы сапары.

Зеленскийдің айтуынша, АҚШ өкілдері бірнеше жаңа ұсыныс жеткізген.

«Бірнеше жаңа идея болды, оларды талқыладық. Енді егжей-тегжейін саралап, қандай қадамдар жасауға болатынын және олардың бізді бейбітшілікке жақындата ма, соны түсінуіміз керек», – деді Украина президенті.

Стивен Уиткофф Мәскеудегі келіссөздерде де ілгерілеу болғанын айтып, Украина, АҚШ және Ресей өкілдерінің қатысуымен жаңа үшжақты кездесу өткізу мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.

«Екі тарап та ымыраға келуі керек. Біздің ойымызша, тараптар арасындағы айырмашылықты азайтуға мүмкіндік беретін негіз бар», – деді ол.

Алайда келіссөздердің басты түйіні әлі де Донбасс мәселесі болып отыр. Ресей Украина әскерінің Донецк және Луганск облыстарының бүкіл аумағынан шығуын талап етеді. Киев бұған келіспейді.

Зеленский Донбасс мәселесін соғыстың негізгі мәселелерінің бірі деп атады.

Financial Times дереккөздерінің хабарлауынша, америкалық өкілдер бұған дейін ұсынылған құжаттардың жаңартылған нұсқаларын алып келген. Басылымның жазуынша, мүлде жаңа ұсыныстар көп емес, Вашингтон негізінен Киев пен Мәскеу арасындағы алшақтықты азайтуға тырысып отыр.

Axios дереккөздері болса, Уиткофф пен Кушнердің қыс басталғанға дейін келіссөздерде серпіліс жасауға ниетті екенін хабарлады.

Сонымен қатар тараптар Украинаға қыс кезінде Ресейдің энергетикалық және басқа инфрақұрылымға жасайтын соққыларына төтеп беруге көмектесу мәселесін де талқылаған.

Зеленский: «Бүгін Patriot-тан да жақсы жұмыс істедік»

АҚШ өкілдерінің Киевке сапары алдында Ресей Украина астанасына үш тәулік бойы соққы жасамауға келіскен. Украина да Уиткофф пен Кушнер Мәскеуде жүрген кезде Ресей астанасына соққы бермеуге міндеттеме алған.

Осыған байланысты Зеленский баспасөз мәслихатында әзілдеп:

«Бүгін біз елорда тұрғындары үшін Patriot жүйелерінен де жақсы жұмыс істедік. Жиі келіп тұрыңыздар, сонда халқымызға біраз тыныш өмір сүруге мүмкіндік болады», – деді.

Кездесуде Украинадағы Patriot әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымырандардың тапшылығы да сөз болған. Зеленскийдің айтуынша, Киев АҚШ зымырандарын сатып алуды жалғастыруға және болашақта баллистикалық зымырандарға қарсы өз жүйесін жасауға ниетті.

Уиткофф пен Кушнер Киевтен кейін Вашингтонға оралып, Мәскеу мен Киевтегі келіссөздердің нәтижесін Трамп әкімшілігіне жеткізбек. Әзірге тараптар жаңа ұсыныстардың нақты мазмұнын жариялаған жоқ.

Сайт Әкімшілігі