Әлеумет

Зеленский шетел саясаткерлерін Мәскеудегі 9 мамыр мерекесіне бармауға шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский шетел мемлекеттері өкілдеріне Мәскеуде 9 мамыр күні өтетін мерекелік шараларға қатысудан бас тартуға кеңес берді.

Фото: ашық дереккөз

«Ресейге жақын кейбір мемлекеттердің өкілдері бізге хабарласты, олар Мәскеуге барғысы келеді. Қызық ниет... дәл осы күндері. Біз баруға кеңес бермеймізз», - деді Зеленский 7 мамырдағы үндеуінде.

Украина президенті Киев бұған дейін Мәскеуге 6 мамырдан бастап атысты тоқтатуды ұсынғанын еске салды. Алайда оның айтуынша, «бейбітшілік туралы ұсынысқа жауап ретінде Ресей жаңа соққылар мен жаңа қоқан-лоқы жасады».

«Олар Украинадан жылына бір рет алаңға бір сағатқа қауіпсіз шығуға мүмкіндік беруді сұрап отыр. Кейін өз парадын өткізіп, артынша халқымызды өлтіруді жалғастырмақ. Ресейліктер 9 мамырдан кейінгі шабуылдар туралы қазірдің өзінде айтып жатыр. Бұл — Ресей басшылығының түсініксіз әрі анық түрде ақылға қонымсыз логикасы», — деді Зеленский.

Мәскеудегі 9 мамыр парадына Беларусь, Малайзия, Лаос, сондай-ақ жартылай танылған Абхазия мен Оңтүстік Осетия басшылары қатыспақ.

Бұған дейін Ресей 8 мамыр сағат 00:00-ден бастап 10 мамырға дейін біржақты түрде атысты тоқтататынын мәлімдеген еді. Бұған жауап ретінде Украина 6 мамырдан бастап «үнсіздік режимін» енгізуді ұсынды. Алайда Ресей бұл ұсынысты қабылдамай, Украинаға шабуылдарын жалғастырған.

Ресей Қорғаныс министрлігі егер Украина Мәскеудегі Жеңіс күні парадын бұзуға әрекет жасаса, Ресей әскері «Киев орталығына жаппай зымыран соққысын жасайды» деп қорқытты.

9 мамырға дайындық аясында Ресейдің 20-дан астам қаласының билігі Жеңіс парадын өткізуден бас тартты. Ал Мәскеу мен басқа да бірқатар қалаларда парадты әскери техникасыз өткізу туралы шешім қабылданған.

Сайт Әкімшілігі