Саясат

Зеленский: Соғыстың «қызу кезеңі» жыл соңына дейін аяқталуы мүмкін

Украина президенті Зеленский Ресеймен соғысты келесі қыс басталғанға дейін дипломатиялық келіссөздер арқылы аяқтау қажет деп санайтынын мәлімдеді.

Фото: Axel Schmidt/REUTERS

Ол бұл туралы АҚШ-тың CBS телеарнасындағы Face the Nation бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Сұхбаттың үзінділері кейін Зеленскийдің Telegram-арнасында жарияланды.

Зеленскийдің айтуынша, 2025 жылдың желтоқсанынан бастап Ресей майдандағы бастаманы біртіндеп жоғалта бастаған.

«Қаңтар айында америкалық серіктестерімізге келіссөздер үшін мүмкіндік терезесі ашылғанын айттым. Өйткені ай өткен сайын Ресей адам күшінен көбірек айырылып жатыр», – деді Украина басшысы.

Оның сөзінше, қазіргі таңда Украина бір ай ішінде азат етіп жатқан аумақ көлемі Ресей басып алып жатқан аумақтан көбірек.

«Сондықтан мен келесі қыс басталғанға дейін дипломатиялық шешім тауып, келіссөз үстеліне отыру керек деп есептеймін», – деді Зеленский.

Путинге қысым күшеюі керек

Украина президентінің пікірінше, мұндай сценарийдің жүзеге асуы Ресей қоғамының Владимир Путинге жасайтын ішкі қысымына, сондай-ақ АҚШ пен Еуропаның Мәскеуге қатысты санкциялық қысымының күшеюіне байланысты.

Зеленский келіссөздерде Еуропа атынан қатысуы мүмкін тарап ретінде Ұлыбритания, Франция және Германиядан тұратын «еуропалық үштікті» ұсынды.

Сонымен қатар ол Солтүстік Еуропа елдерін Украинаның сенімді серіктестері ретінде атап өтті.

Түркияның рөлін жоғары бағалады

Зеленский Түркияның делдал болуға ұмтылысын да жоғары бағалады.

«Түркия әрдайым делдал болғысы келді. Оның көмегімен әскери тұтқындарымызды қайтару мәселесінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік», – деді ол.

Украина басшысының айтуынша, түпкілікті шешім Киев пен Еуропаның қатысуымен қабылдануы тиіс. Бірақ Ресейдің де диалогқа және Еуропаның қатысуымен өтетін келіссөздерге дайын болуы маңызды.

Бұған дейін The Economist Украина үкіметіндегі дереккөздерге сүйене отырып, Зеленский елді тағы екі-үш жылға созылуы мүмкін соғысқа дайындауды тапсырғанын жазған еді.

Басылымның пікірінше, АҚШ қатысқан соңғы келіссөздердің нәтиже бермеуі қақтығыстың тараптардың бірі әлсірегенге дейін жалғасуына алып келуі мүмкін.

Алайда РБК-Украинанің Украина үкіметіндегі дереккөзі бұл мәліметті жоққа шығарып, оны «ескірген ақпарат» деп атады.

Дереккөздің айтуынша, Зеленский үнемі Ресейге атысты тоқтату туралы ұсыныс жасап келеді.

Сондай-ақ Украина Жоғарғы радасының депутаты Ольга Василевская-Смаглюк жақында Зеленский соғыстың «қызу кезеңі» 2026 жылдың қараша айына дейін аяқталуы мүмкін екенін меңзегенін мәлімдеген.

Сайт Әкімшілігі