Әлеумет

Зеленский Трамп пен АҚШ Сенатын Украинаның соғыста жеңіске жете алатынына сендірген – БАҚ

АҚШ Сенаты Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуді көздейтін заң жобасын мақұлдады.

Фото: ашық дереккөз

Украина президенті Владимир Зеленский 28 шілде күні кешке Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Кездесу бір сағаттан астам уақытқа созылды. Екі мемлекет басшысы да оның нәтижесін оң бағалады. Ал америкалық басылымдар Трамптың Украинаға қолдау көрсету ұстанымы күшейгенін жазып жатыр.

Кездесуден кейін Зеленский әлеуметтік желіде келіссөздің «жақсы өткенін» айтып, онда Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды өндіруге лицензия беру мәселесі және «пайдасы тиюі мүмкін басқа да бірқатар идеялар» талқыланғанын мәлімдеді.

Кейінірек Axios басылымына берген сұхбатында Зеленский Трамптан Ресейдің қыста энергетикалық инфрақұрылымға жасауы мүмкін шабуылдарынан қорғану үшін Patriot зымырандарын сұрағанын айтты.

Оның сөзінше, Украинаға 300 Patriot зымыраны қажет. Себебі қазіргі қорлар «дерлік таусылған» және ресейлік зымырандарды ұстап қалу мүмкіндігінің азаюы гуманитарлық апатқа әкелуі ықтимал.

«Бізге Patriot кешегі күні-ақ қажет еді», – деді Зеленский.

Зеленскийдің айтуынша, Трамп көмек көрсетуге тырысатынын айтқан. Алайда бұл оңай болмайтынын, өйткені Patriot зымырандары АҚШ-тың өзіне және Иранмен соғыс кезіндегі одақтастарына да қажет екенін жеткізген.

Өз кезегінде Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында кездесуді «өте жақсы өтті» деп бағалап, Украина президентін қабылдау өзі үшін «үлкен мәртебе» болғанын жазды. Бірақ келіссөздердің мазмұнына қатысты нақты мәлімет берген жоқ.

Кездесуден бірнеше сағат өткен соң АҚШ Сенаты 86 дауыспен Ресейдің мұнайы мен газын сатып алатын елдерге 100 пайыздық баж салығын енгізуді қарастыратын заң жобасын қолдады. 12 сенатор қарсы дауыс берген. Бұл шара ең алдымен Қытай мен Үндістанға әсер етуі мүмкін.

Дауыс беру алдында Зеленский америкалық сенаторлармен жабық форматта кездесу өткізген.

Politico басылымының жазуынша, Зеленский бұл сапарында «бір жыл бұрын мүмкін емес болып көрінген нәтижеге» қол жеткізіп, Трамп пен америкалық сенаторларды Украинаның соғыста жеңіске жете алатынына сендірген.

Басылымның пікірінше, Зеленскийдің Ресейге қарсы санкцияларды күшейтіп, әскери көмекті арттыру арқылы Владимир Путинді келіссөздерге мәжбүрлеуге болады деген уәждері Конгрестегі екі партия өкілдерінің де қолдауына ие болып отыр. Сонымен қатар Украина Ресейді жеңе алады деген көзқарас та күшейіп келеді.

Financial Times басылымының Ақ үйге жақын дереккөзі Зеленскийдің Трамппен кездесуін АҚШ президентінің қолдауына ие болу және соғысты тоқтатуға бағытталған күш-жігерді жандандыру жолындағы «ең үлкен мүмкіндік» деп атады.

Газеттің мәліметінше, Зеленскийдің басты мақсаты Трампты Киевті қолдау АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сай келетініне сендіру болған. Дереккөздердің айтуынша, осыған дейін кеңесшілер деңгейінде өткен көптеген құпия байланыстар Трамптың Украинаға қатысты көзқарасының өзгеруіне ықпал еткен.

Financial Times бұл келіссөздер екі тарап арасындағы бұрынғы шиеленісті қарым-қатынастан айтарлықтай бетбұрыс болғанын атап өтті.

Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Трамптың арнайы өкілдері Джаред Кушнер мен Стив Уиткоффтың жақын уақытта Киевке сапармен баруы туралы келісім болды. Олар бұған дейін Украинаға ресми түрде барған емес.

«РБК-Украина» басылымының мәліметінше, бұл сапар алдағы бірнеше апта ішінде өтуі мүмкін. Басылымның жағдайдан хабардар дереккөзі келіссөз нәтижесін «оннан сегіз баллға» бағалаған.

Сайт Әкімшілігі