Әлеумет

Зеленский Уфадағы МӨЗ бен Пензадағы әскери кешенге соққы жасағанын хабарлады

Украина Қорғаныс күштері Ресейдің Башқұртстан астанасы Уфадағы мұнай өңдеу зауытына дрондармен соққы жасады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

Фото: скриншот

Оның айтуынша, шабуылға ұшыраған зауыт Ресейдегі ең ірі майлау материалдарын өндірушілердің бірі саналады. Нысан майдан шебінен 1300 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан.

«Біздің Ресейдің соғысты созуына қарсы санкциялық жауаптарымыз Уфадағы мұнай өңдеу зауытына екінші рет жетті», – деді Зеленский.

Аталған кәсіпорынға алғаш рет 25 маусымда шабуыл жасалған болатын.

Сонымен қатар Зеленский Ресейдің Пенза облысындағы әскери-өнеркәсіп кешеніне қарасты стратегиялық нысанға да соққы берілгенін растады.

Оның айтуынша, бұл кәсіпорын Ресейдің Украинаға қарсы пайдаланатын зымыран қаруына арналған бөлшектерді әзірлеумен және өндірумен айналысады. Нысан майдан шебінен шамамен 600 шақырым жерде орналасқан.

Мониторингтік арналардың мәліметінше, шабуыл «Ғылыми-зерттеу физикалық өлшеулер институты» (НИИФИ) акционерлік қоғамына жасалған.

«Украинаның алыс қашықтыққа соққы беру жоспары күн сайын орындалып жатыр. Бұл – Ресейдің бізге қарсы жасап жатқан әрекеттеріне әділ жауап. Бейбітшілік қажет, мұны Ресей басшылығы түсінуі тиіс. Ресей өз соғысын тоқтатуы керек», – деді Зеленский.

Сайт Әкімшілігі