Зеленский Украина аумағының бір бөлігін Ресей бақылауында қалдыруға дайын екенін айтты
Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысты тоқтату үшін қазіргі майдан шебін өзгеріссіз қалдыруға дайын екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Сұхбат барысында журналист Зеленскийден Украина өз аумағының кемінде 75 пайызын сақтап қалатын бейбіт келісімге келісе ме деп сұрады.
"Иә, қазір жағдайды осы күйінде тоқтатуымыз керек. Менің ойымша, бұл соғысты аяқтаудың нақты жолы", – деп жауап берді Украина президенті.
Зеленскийдің айтуынша, ең алдымен майдандағы әскери қимылдарды тоқтатып, содан кейін бейбіт келіссөздерге көшу қажет. Ол Украина үшін АҚШ пен Еуропа елдерінің қауіпсіздік кепілдіктері маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар Украина басшысы соғыс салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған миллиондаған азаматтың елге оралуына жағдай жасау қажеттігін айтты.
Алайда Зеленскийдің бұл мәлімдемесі Украинаның Ресей басып алған аумақтарды ресми түрде беруге келіскенін білдірмейді. Әңгіме қазіргі майдан шебінде атысты тоқтату және аумақтық мәселелерді кейінгі келіссөздер барысында талқылау туралы болып отыр.
Айта кетейік, Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап, 2022 жылы Украинаға кең ауқымды басып кіруді бастады. Мәскеу басып алған украин аумақтарын өз жері деп есептейді. Ал Киев халықаралық деңгейде мойындалған шекаралары аясындағы аумақтық тұтастығын сақтауды талап етіп келеді.