Саясат

Зеленский: Украина Қырым мен шығыстағы өзге аумақтарынан бас тартпайды

Украина президенті Владимир Зеленский елдің шығысындағы аумақтарды, соның ішінде Қырымды Ресейдің меншігі деп мойындамайтынын мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

 Оның айтуынша, бұл Украинаның Конституциясына, халықтың еркі мен ұлттық ұстанымына қайшы.

Зеленскийдің сөзінше, Ресей бұл мәселені түрлі делдалдар арқылы Украинаға қабылдатуға тырысып келеді. Алайда Киев мұндай тәсілді ақылға қонымды шешім деп санамайды.

Президенттің айтуынша, Украинаның басты мақсаты – қазіргі майдан шебінде атысты тоқтату. Одан кейін өзге мәселелерді талқылау көзделіп отыр.

Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздер аясында энергетика, теңіздегі атысты тоқтату және тұтқындар алмасу мәселелері де қарастырылуы мүмкін.

Ал көшбасшылар саммитіндегі негізгі мәселе – атысты толық әрі ешбір шартсыз тоқтату және оның орындалуын бақылаудың тиімді тетігін қалыптастыру. Зеленский мұны бейбітшілікке бастайтын дипломатиялық қадам деп атады. Сонымен қатар ол соғысты тоқтату, бітімнің сақталуын бақылау және қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету – бір-бірінен бөлек талқылануы тиіс мәселелер екенін айтты.

Зеленский Ресей де соңғы уақытта қауіпсіздік кепілдіктерін талап етіп жүргенін атап өтті. Алайда оның пікірінше, шабуылға ұшыраған тарап – Украина, сондықтан ең алдымен қауіпсіздік кепілдігі қажет ел де осы. Дегенмен Киев бұл мәселені талқылауға дайын екенін жеткізді.

Сайт Әкімшілігі