Әлеумет

Зеленский: Украинаға жасалған шабуылда Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыраны қолданылған

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресей Днепропетровск облысындағы Радушное ауылына жасаған шабуылда ұзақ уақыттан бері алғаш рет Солтүстік Кореяда өндірілген баллистикалық зымыранды қолданған болуы мүмкін.

Фото: АР

 Шабуыл салдарынан бір үйде тұрған алты адамнан тұратын көпбалалы отбасы қаза тапқан.

Зеленскийдің айтуынша, алдын ала мәліметтер бойынша, бұл – КХДР-де жасалған баллистикалық зымыран. Алайда ол түпкілікті қорытынды сараптама нәтижелері жарияланғаннан кейін ғана жасалатынын атап өтті.

 «Әрине, әлі сараптамалар жүргізіледі, барлық жағдай тексеріледі. Бірақ қазіргі мәліметтер бойынша, бұл – Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыраны», – деді Украина президенті.

Зеленский халықаралық серіктестерді Ресейдің кезекті шабуылын айыптаумен ғана шектелмей, Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандарды жеткізуге және Мәскеуге қысымды күшейтуге шақырды. Оның пікірінше, мұндай шаралар ғана Ресейдің келесі шабуылдарының алдын алуға мүмкіндік береді.

30 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украинаның бірнеше қаласына, соның ішінде Киевке де зымыранмен шабуыл жасаған. Днепропетровск облысындағы Кривой Рог қаласына жақын орналасқан Радушное ауылында баллистикалық зымыран жеке тұрғын үйге түскен. Салдарынан бір отбасының алты мүшесі, оның ішінде 6 жастағы қыз және 11 мен 17 жастағы екі ұл бала қаза тапқан.

Бұған дейін Зеленский Ресейдің Солтүстік Кореямен әскери ынтымақтастықты кеңейтіп жатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Мәскеу Пхеньяннан тағы 30 мыңға жуық әскери қызметкер алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ КХДР Ресейге баллистикалық зымыран ұшыру қондырғыларының жаңа партиясын жеткізуге дайындалып жатқаны айтылған.

Украина президенті Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери ынтымақтастық Азия аймағының қауіпсіздігіне де елеулі қатер төндіреді деп бағалады. Оның пікірінше, Мәскеу Пхеньянға заманауи соғыс жүргізу тәжірибесін игеруге көмектесіп отыр.

Еске салайық, 2024 жылы Ресей мен Солтүстік Корея «жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы» шартқа қол қойған болатын.

Сайт Әкімшілігі