Зеленскийдің өтініші Вашингтонда қаралып жатыр: АҚШ Ресейге қарсы әскери спутник беруі мүмкін
АҚШ Украинаға SpaceX компаниясының әскери мақсаттағы Starshield спутниктік жүйесін пайдалануға рұқсат беру мәселесін қарастырып жатыр.
Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді.
Рубионың айтуынша, Киев Ресей аумағына алыс қашықтықтан соққы жасау үшін Starshield жүйесіне қол жеткізуді сұраған. Алайда әзірге Украинаға оны пайдалануға рұқсат берілген жоқ. Мәселе әлі талқыланып жатыр.
Бұл мәлімдеме украиналық әскерилер ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару үшін пайдаланатын спутниктік байланыстың жұмысында іркілістер болған тұста жасалды. Украина президенті Владимир Зеленский шектеулер әдейі енгізілген болуы мүмкін екенін айтты.
Марко Рубио Вашингтонға тағылған айыптарды жоққа шығарды. Оның сөзінше, АҚШ билігі Starlink жылдамдығын шектеу туралы бұйрық бермеген. Рубионың қолындағы мәлімет бойынша, байланыс жұмысындағы іркілістер әдейі жасалмаған және қызмет қайта қалпына келген.
Starlink пен Starshield – екі бөлек жүйе. Starlink коммерциялық спутниктік интернет ұсынса, Starshield қорғалған байланыс пен мемлекеттік қорғаныс міндеттеріне арналған. Ол АҚШ үкіметінің бақылауында.
Украинаға Starshield жүйесін пайдалануға рұқсат беру туралы ықтимал шешім елдің алыс қашықтықтағы әскери операцияларына әсер етуі мүмкін.