Қоғам

Зерендіде 2,8 мыңнан астам жалған вакцинация фактісі әшкереленді

Ақмола облысының Зеренді ауданында ветеринариялық қауіпсіздік саласында бірқатар өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы аудан прокуратурасы хабарлады.

Фото: ЖИ

Прокурорлық тексеру барысында мал басын есепке алу жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегені белгілі болды. Атап айтқанда, полицияның учаскелік инспекторларымен бірлескен рейдтер нәтижесінде жалпы саны 7 мыңнан асатын 57 тіркелмеген жылқы табыны анықталған. Сонымен қатар эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру кезінде де заң талаптарының сақталмағаны белгілі болды.

Тексеру деректеріне сәйкес, кейбір ветеринариялық мамандар вакцинация актілеріне жалған мәліметтер енгізіп, есепке жоқ жануарларды қосқан және бір малды бірнеше рет тіркеген. Нәтижесінде 2,8 мыңнан астам жалған вакцинация фактісі анықталып, мемлекетке келтірілген 996,2 мың теңге көлеміндегі шығын өтелді.

Прокуратура аудан аумағындағы 14 мал қорымының да ветеринариялық талаптарға сай келмейтінін мәлімдеді. Атап айтқанда, олардың қоршаулары орнатылмаған, жер телімдері заңдастырылмаған әрі коммуналдық балансқа қойылмаған.

Бұдан бөлек, ветеринариялық станция қызметкерлеріне 6 миллион теңгеден астам көлемде негізсіз сыйақы мен үстемеақы төленгені анықталған. Қазіргі уақытта оның 4 миллион теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі кезде анықталған заң бұзушылықтарды толық жою бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Сайт Әкімшілігі