Жамбыл Ахметбеков, президенттікке экс-үміткер: Саяси мемуар жазатын уақыт әлі келген жоқ...
Президент сайлауына екі рет қатысып, Парламент Мәжілісінің үш шақырылымында депутат болған Жамбыл Ахметбеков бүгінде қайда жүр? «Қазақстан халық партиясынан» кетуіне не себеп болды? Қазіргі саяси партиялардың әлеуетін қалай бағалайды? Алдағы Құрылтай сайлауынан қандай өзгеріс күтеді? Біз осы сауалдарға жауап алу үшін экс-депутатпен сұхбат құрдық.
«Ана кісі бұл әрекетіме қалай қарайды?» деп ойландым
– Жамбыл Аужанұлы, сізді президент сайлауына екі рет түскен үміткер, үш шақырылым депутаты ретінде білеміз. Жалпы, саясатқа қалай келдіңіз?
– Астанадағы қазіргі С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университеттің инженер-механик мамандығын бітірдім. Сосын ауылға барып, механик болып жұмысқа тұрдым. Екі айдан кейін құрамында 150 жас бар комсомол комитетінің хатшысы болдым. Бір-екі жыл ішінде көзге түсіп, Қазақстан коммунистік партиясына үміткер ретінде өткен соң бірден аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы қылды. Үш жарым жыл идеология бөлімінде нұсқаушы бола жүріп, 1990 жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Кейін Кеңес одағы тараған соң Қарағанды облысының бір ауданында екі жарым жылдай мәдениет бөлімін басқардым. Одан соң Қорғалжынға қайтып келіп, туризм және спорт ісі бөлімінде, мәдениет басқармасына жетекшілік еттім. Содан кейін әскери лицейде, артынан әкімдікте бас маман, сосын ұйымдастыру бақылау бөлімінде басшылық қызмет атқардым. Сол аралықта «Сіз коммунистсіз ғой, партияға келсеңіз қалай болады?» деп шақырды. Осылайша, 2005 жылы партияның аппарат басшысы еткен соң, Қорғалжын ауданынан кеттім. 2008 жылы идеология бөлімінің хатшысы болдым. Міне, сол бас-аяғы 2005 жылдан бастап саясатқа араласа бастадым.
– 2011 жылы Назарбаевтың дәурені жүріп тұрған заманда президент сайлауына қатысып, 1,36 пайыз дауыс жинағаныңыз есте. Бұл ұсыныс партия тарапынан түсті ме? Сіз өзіңізді лайықты үміткер санадыңыз ба, әлде жай «саяси қуыршақ» сезіндіңіз бе?
– Сайлау алдында әр партия мүшелері бас қосып, өз съезін өткізеді ғой. Маған партияның сол кездегі төрағасы, бүгінде 87 жастағы ардагер мүшесі Владислав Косарев: «Жәке, біздің партия сайлауға қатысып, елге танымал болуы керек. Жеңер, не жеңбесіңді білмеймін, бірақ қалайда партияның атын шығару қажет. Ал қазақша, орысша сөйлейтін адам өзің ғана. Бізде сенен басқа лайықты адам болмай тұр», – деді. Бұл ұсынысты әрі-сәрі күйде қабылдап: «Қалай болар екен?», – деп едім, «Сен қорықпа! Партия көмектеседі. Ең бастысы – өзіңді сенімді ұстап, партияны да жақсы қырынан көрсету. Енді ғайыптан тайып жеңіп шығасың деп айта алмаймыз, бірақ мейлінше тырыссаң, партияның аты халыққа біршама танылады», – деп қайырды.
Бәрібір бойда қорқыныш бар. Бір күн ойландым да, келісімімді бердім. Содан президенттікке үміткер ретінде тіркеліп, ел алдына шығып, ақпарат құралдарына сұхбат бере бастадым. Шамамен екі аптадан кейін өзіме «Мен қайда бара жатырмын өзі? Ана кісі (Назарбаев – ред.) бұл әрекетіме қалай қарайды? Бұл саяси ойын ба, әлде саяси қуыршақтар қойылымы ма?» деген сұрақты қойдым. Бұл жерде онсыз да Назарбаевқа тең келетін үміткер жоқ екені рас. Бірақ артынан әлгіндей сенімсіз ойды мидан шығару үшін Ғани Қасымов, Мэлс Елеусізовке қарсы белсенді бәсекелес болайын деп шештім. Бір жағынан, өзімді де көрсетемін деп қоямын. Алайда олар да республика деңгейінде танымал, тісқаққан саясаткерлер, ал мен облыс былай тұрсын, ауылдан келген адаммын. Содан не керек, тартыншақтанбайтын, шегінбейтін психологиялық, саяси ұстаным жасап алдым да, екі қарсыласыммен сайысқа түсіп кеттім. Қай жерде де өзімді сенімді ұстадым.
– Бұл сайлаудың бір пайдасы – сізді танымал еткені ме?
– Әу баста өзімді «саяси қуыршақ» сезінбедім. Ондай ой болған жоқ. Бұл сайлаудың түпкі астарында қандай ойын жатқанына да терең бармадым. Бір сөзбен айтқанда, сайлаудың арқасында танымал болып кеттім. Тіпті көңілді тапқырлар клубының жастары әзілдеріне де қосып жатты. Әсіресе оңтүстік өңірдің тұрғындары белсенді түрде дауыс берді. Қазір де жұмыстармен бір жерге барып қалсам, жұрт танып жатады. Күзетшілерге дейін: «Сіз президенттікке үміткер болған жоқсыз ба? Сіз коммунист емессіз бе? Каратист едіңіз ғой», – деп бәйек болады. «Сол сайлауда сізге дауыс беріп едік» дейтіндер де бар. Шынтуайтында, саяси ойында жүріп, бірден жоқ болып кеткендердің көбі ұмытылып қалады ғой. Меніңше, мұның бәрі сол кезде халықпен жылы сөйлескенімнің және бағдарламамның жұрт көңілінен шыққанының арқасы.
– Сол бағдарламаңызда неге көңіл бөлдіңіз?
–Негізінен әлеуметтік мәселені басты назарға алдым. Халыққа да керегі сол. Ең төменгі күнкөріс деңгейін медианалық әдіспен санау керек дедім. Мысалы, бұл әдіс бір адамға айына қанша нан, неше келі картоп пен қант кететінін есептеп, орташа бағасын шығарады. Сол ақшаны бір айға жеткізіп, өлместің күнін көреді. 2011 жылы біздің ең төменгі күнкөріс деңгейі артта қалған Зимбабве сияқты елдердікімен бірдей болды. Ал мұны «кем дегенде 56 мың теңгеге көтеру қажет» дедім. Біз сол кезде айтқан ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 мыңға енді ғана жетіппіз. Орташа күнкөріс деңгейі – 64 мың теңге. Медианалық әдіспен есептеу де соңғы кезде қолға алына бастады.
Сондай-ақ балабақшада орын жетіспеушілігі мәселесін қозғадым. Балабақша көптеп салынып жатса да, «орын жоқ» деген желеумен сыбайлас жемқорлықтың тамырын кеңге жайып жатқанын көтердім. Кейін Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауына осы мәселенің бәрі еніп, шешімін тауып жатты. Тіпті депутат болған кезде де сөзімді үкімет естіп, бағдарлама, жобаларына қосқанын көріп, өзімді жұбататынмын.
Бірінші – Косарев, екінші – мен өтіп қалармын
– Кейбіреулер саяси қолдау белгілі бір уәделермен қатар жүреді деп жатады. Осы белестен өткеннен кейін сізге «Еш алаңдамаңыз, партия атынан депутат боласыз» дегендей уәде берілді ме?
– Алғашқы кезде ондай әңгіме болған жоқ. Партияны танымал еткеннен кейін 2012 жылы Парламент сайлауы науқанына кірісіп кеттік. Оған дейін президенттікке үміткер ретінде халық танып қалды. Тәжірибе бар, өзіме сенімдірек болдым, қалай сөйлеуді де меңгергенмін. Былайша айтқанда, алдыңғы үміткерлігімді әрі қарай жалғастырып кеткендей болдым. Партия бірден көзге түсіп, Парламентке де келді. Алайда депутаттыққа неше адам және кімдер өтетінін білген жоқпын. Косарев съезд алдында ақылдасып, тізім жасады. Бірақ «бұл тізімге мен де кіремін» деп кесіп айту жоқ. Себебі мұндай саяси ұстамдылық тек біздің партия мүшелерінде ғана болды-ау деймін. «Үмітсіз – шайтан» демекші, менде сенімділік болды. Өйткені партияны осыншама насихаттадым, атын шығаруға күш салдым. «Бірінші – төраға Владислав Косарев, екінші – мен өтіп қалармын» деген ой жылт етті. Содан Парламент сайлауы өтіп, біздің партия 7,19 пайыз жинап, 7 депутат мандатқа ие болды. Осылайша, V шақырылым депутаты атандым.
– Үш шақырылымдағы депутаттық қызметіңізге бүгін қандай баға берер едіңіз? Осы уақыт ішінде өзіңіз тікелей атсалысып, оң шешімін табуына ықпал еткен нақты мәселе бар ма?
– Әрине, қолдауға ие болып, шешілген мәселе көп. Ең күрделісі, 42 жыл бойы асфальт төселмеген Қорғалжын ауданының мәселесін көтердім. Мұнда Қорғалжын табиғи мемлекеттік паркі бар. Әлемдегі солтүстік қызғылт қоқиқаз ұя салатын бірегей мекен. Оған шетелдік туристер, орнитологтар ат басын бұрады. «Астанадан Қорғалжынға дейінгі 128 шақырым жолды неге жасамаймыз?» деп депутаттық сауал жолдап, архитектормен кеңесіп, есебін де ұсындым. Қанша қаржы, қанша уақыт кететінін де санадым. Содан не керек, екі аралықтағы жол 2016 жылы жасалды. Бұрын көлік үш сағат жүрсе, қазір бір сағатта жетіп барасың.
Одан бөлек, су мәселесін шешуге атсалыстым. Оның да нобайын өзім істедім. Құбыры шіріп кеткен Қорғалжын ауданына 87 млн теңгені бекіттіруге күш салдым. Соның арқасында Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетіне қарасты Нұра топтық су құбыры республикалық мекемесі бүгінде құбыр тартып жатыр. Сол сияқты Арыстағы жарылыстан кейін баспанасы қираған тұрғындардың көбі жеке қабылдауға жазылған болатын. Бірқатарына көмегім тиді. Қазір де хабарласып тұрамын. Сенсеңіз, олардың ішінде әлі күнге дейін өтемақы алмағандары бар. Тағы бір мәселе – Қорғалжын ауданына суыққа шыдамайтын газ магистралі тартылған. Бұл қыстыгүні көбік болып қатып қала береді. Оны айына екі рет тазалауға қыруар ақша бөлінеді. Әрине, мұның артында лоббистік әрекеттің тұрғаны белгілі. Бізде аяз -40-45 градусқа дейін барады, ал олардың қойғаны -35 градусқа дейін ғана шыдамды. Содан «Аязға төтеп бермейтін құбырларды ауыстыру керек» деп сәйкес келетін құбырдың маркасын, температурасын көрсетіп бердім. Қазіргі таңда оның біразы айырбасталды. Ал кезінде жауаптылар «Бұл стандартқа сәйкес, экспертизадан өткен. Суыққа да шыдайды» деп басын ала қашқан еді. Осы сынды бас-аяғы 300-дей депутаттық сауал жолдаған шығармын. Соның 60 пайызы орындалды, қалғанына «Бағдарламаға сәйкес емес, бюджетте оған қаржы қарастырылмаған, кейінгі жылдары қолға алынады» деген сылтау айтылды. Алайда депутаттық қызметіме толыққанды саяси қорытынды жасап үлгермедім. Саяси мемуар жазатын уақыт әлі келген жоқ.
– 2019 жылы екінші рет президенттіктен үміткер ретінде төбе көрсеткен сайлау сізге не берді?
– Бұл кезде саясатқа қатысы жоқ үміткерлер тіркелгені есіңізде ме? Олардың не үшін сайлауға түскенін саясаткер ретінде маған айтуға болмайды. Бірақ халықтың жадында қалмағаны – сайлаушыларға деген жанашырлығының болмауы деп түсінемін. Халықтың сөзін сөйлей алған жоқ, өздеріне не керектігін дұрыс айқындай алмады. Қолындағы бағдарламаны ғана таныстырды, тиісті шектеуден шықпады.
Бұл сайлауға қатысқаным – тағы да бірінші себепті айқындау. Оған дейін «Бұл сайлауға біздің партия тағы қатысуы керек. Халық бізді ұмытып кетпеуі тиіс» дедім. Бірақ съезд алдында жаңа бюро мүшелері ақылдаса келе басқа адамды ұсынатын болды. Бәріміз бірауыздан келісіп, бүкіл құжатын дайындап қойдық. Ол кезде Айқын Қоңыровты төраға етіп сайлағанмен, негізгі шаруаны өзім басқарып келдім. Косарев тісқаққан саясаткер ғой: «Жәке, сенен басқа салмақты үміткер жоқ. Ертең ел алдында ұятқа қалмауымыз керек. Сондықтан тағы да өзің түссең қалай болады?», – деді. Бұл жолы «жоқ, болмайды» деп, келіспей кетіп қалдым. Содан Косарев таңертең тағы хабарласып: «Біз әлгінде ұсынған кандидаттың харизмасы аз. Ашылып сөйлей де алмайды. Уақыт болса, таяп қалды. Саяси деңгейі жоғары адам ретінде өзің қатыс», – деп табандап тұрып алды. Тағы да бас тарттым. Жылтыңдап шыға бергім де келмеді. Содан не керек, түптің түбінде партия үшін ғана келістім.
Бұл сайлауда Тоқаевтың өзіне емес, бағдарламасына балама түрде партия съезі бекіткен бағдарламамызды қосуды жөн санадық. Мұнда да екінші орынға талас жүрді. Яғни кімнің бағдарламасы дұрыс, соған дауыс көп беріледі және сол партияның деңгейі жоғары дегенді айттық.
– Алайда бұл сайлауда да 1,82 пайыз дауыс жинадыңыз, соншалықты нәтиже көрсете алмадыңыз. Әлде, әсер еткен әлдеқандай себебі бар ма?
– Өз басым «Біз саясаткерміз, біз дауыс қана жинаймыз, бірақ оны санамаймыз» деп ылғи айтамын. Мұның астарында саяси мән бар. 2011 жылғы сайлауда да қанша дауыс жинағанымды білемін. Бірақ халық қанша дауыс берсе де, оны санайтын – Орталық сайлау комиссиясы. Олар кімге қанша жазады, сонша дауыс болады. Алайда бұған өкінбеуің керек. Күйініп, сотқа да бере алмайсың. Өйткені, бұл – саясат. Сол себептен орынға, дауысқа қараған жоқпын. Ең бастысы, бағдарламаны таныстырып, партияны қайраннан алып шығуды ғана ойладым. Бәрібір кімнің жеңіске жететінін іштей білесің. Бұл онсыз да әу бастан белгілі. Мәселен, басқа демократиялық елдерде негізгі үміткермен тең бәсекеге түсіп жатады. Бұл бізге тән емес. Оның үстіне бақылаушылардың, сайлаушылардың пікіріне қарасаң, сайлаудың әділ өтпегені көзге айқын көрінеді. Содан кейін жұртта «менсіз де сол дауысты керек адамға береді, қажетті пайызды жасап алады» деген сенімсіздік пайда болады. Бұл пікірдің жаны бар. Мұндайда: «Бір өзгеріс керек десеңіздер, азаматтық құқыңызды ұстанып, дауыс беруге барыңыздар. Әйтпесе дауысыңыз басқа біреуге кетеді», – деп айтамын. Бізде саяси жүйеде алдағы 10-15 жылсыз өзгеріс бола қоймайды. Бұрынғы жүйе еш мызғыған жоқ. Құрылтай сайлауы да сол сарынмен өтеді.
Ертісбаев бәрін құртты
– Бір кездері өзіңіз адал қызмет еткен партиядан кету жеке шешіміңіз болды ма, әлде оған белгілі бір саяси немесе ішкі партиялық жағдайлар әсер етті ме?
– Ертісбаев жетекшілік еткеннен кейін бәрін құртты, партияның халық алдында беделі қалмады. Оның жұмыс істеу жүйесі ұнамады. Оны өзіне де бір-екі рет ескерткенім бар. Сосын аппараттағы маманның бәрін шығарып, өз адамдарын жинады. Оған да мейлі дедік. Ең сорақысы, бұрын ұсақ жемқорлықпен айналысқандарды да мүше ретінде қабылдады. Облыстық, аудандық филиалдардың төрағасын съезд өткізіп, кандидатурасын ұсынып сайламайды, өзі тағайындай салады. Тағы ескерту жасап едік, ештеңе шықпады. Ертісбаев партия мүшелеріне арнап жиналыс та өткізбеді. Интернет желісіне шығып сөйлейді, болды. Халық арасына бармайды. Соның артын жауып біз жүрдік. Содан азаматтар «бұл партияны жақсылыққа апармайды, абыройымызды төкпей тұрғанда, ертерек кетейік» деп арыз жазып, шыға бастады. Ең соңында, 2023 жылы қаңтарда «мына жетекшінің стилімен жұмыс істей алмаймын» деп, мен де кетуге бекіндім. Содан кейін Парламент те тарады.
Бұрын 180 мың мүшесі бар партиядан бізден кейін 60 мыңдай адам шығып кетті. Қазір 5 мың адам қалды ма, жоқ па, білмеймін. Соңғы Парламент сайлауында да әрең дегенде 5 мандат алды ғой. Тіпті Ертісбаев «мандат алып берем» деп уәде берген 35 адамның бәрі ренжіп кетіп қалған. Кәсіпкер Рақым Ошақбаев та орынбасарлықтан кетті. Ертісбаевтың стилі – халықты алдап жұмыс істеу. Оған бәрібір еді, себебі ол – партияны құрту үшін келген адам.
Шын мәнінде, ребрендинг жасап, партияның атын ауыстырып, атрибуттарын өзгерткен – өзіміз. Өйткені қазіргі жастар «коммунист» деген атауды психологиялық тұрғыдан қабылдамайды.
– Осы партиямен байланыстырған саяси жолыңызды дұрыс таңдау болды деп есептейсіз бе?
– Ешқандай өкініш жоқ. Бұл партия мені көтерді, танытты. Бәлкім, басқа партия құрамында болсам, жеп қалуды, тендерді іліп әкетуді ойлайтын ба едім, кім білсін? Халықтың да коммунистік партияға көзқарасы, сенімі өте жақсы болды. Өйткені онда олигархтар, халықты тонаушылар, жемқорлар болған жоқ. Таза, адал жұмыс істедік. Бұл партия жан дүниеміздің тазалығын сақтап қалды. Халық көп сенім артып кетпес үшін, «Нұр Отанның» деңгейі төмендеп кетпес үшін көп жағдайда біздің партияны қысып ұстады. Яғни көтерген мәселе орынды болып, көп қаражатты талап етпесе де, шешімін таппай отырды. Өйткені партияның саяси деңгейі биіктеп кетуге болмайды. Бір болмашы түйткіл шешілсе, «Нұр Отан» партиясы араласты» деп дабыра қылатын. Ал біз үлкен мәселені соңына жеткізсек, дәл бұлай ауқымды түрде айтуға жол берілмейді. Тек өзіміздің сайтымызда ғана жарияладық.
– Сіз айтқан «Нұр Отан» кейін «Аманатқа» айналды. Саясатта тәжірибесі бар партия жаңадан құрылған «Әділетке» қосылды. Бұған не дейсіз?
–Бұл өзі қызық болды. «Әділет» әлі саяси өмірге араласып көрген жоқ. Неге «Әділет» «Аманатқа» қосыламын демеді? Яғни бұл саясаттың құрылымы бұған дейін келісіліп, алдын ала шешіліп қойған. Біріншіден, неге «Аманатты» «Әділетке» қосып, атауын «Әділет» дей салмады? Екіншіден, бұрынғы президент Назарбаев өз партиясын «аманат» етіп қалдырып кетті деп, содан құтылудың жолын іздеу. Саяси тұрғыдан «Назарбаевтың партиясы» деген ұғымнан, сол кісінің ықпалынан арылу болды. Алдын ала болжам бойынша, «Аманаттың» халық мәселесін шешу деңгейі төмендеп кетті. Бұрын Назарбаев басқарып тұрғанда бағдарламаны орындатуға ресурс жеткілікті болды. Үкімет, министрлер партияның бағдарламасын ғана жүзеге асыруға атсалысты. Ал қазір «Аманаттың» күші кеміді. Ертең 145 депутаттың басым бөлігін «Аманат» ала алмайтынын түсінді. Енді жаңа леппен жаңа конституцияны қолдайтын «Әділет» партиясын құрып, «Аманатты» қосып алуды шешті. Бұл – Парламентті, болашақтағы Құрылтайды кеңейту үшін жасалған қадам. «Аманат» пен «Әділет» қосылғаннан кейін ертең бүкіл әкімшілік ресурс онсыз да осы екеуінің қолында болады. Яғни алдағы сайлауда 60 пайыздан жоғары дауыс алады. Ертең «Ақ жол» мен «Республика», «Қазақстан халық партиясы» мен ЖСДП қосылып жатса, оған да таңғалуға болмайды. Басқа жол жоқ. Өйткені оларда күш қалмады. Егер біріксе, «Әділет» партиясының бағдарламасына қарсы тұратын лайықты бәсекелес шығады. Онда Парламентке екі-үш партия өте алатын мүмкіндік туады. Ал қалған партиялар бірігіп, Құрылтайға екі-ақ партия өтсе де, құптарлық. Онда кейін АҚШ-тағы сияқты екі партиялық жүйеге қадам жасай аламыз. Шын мәнінде, Құрылтай құрылтай болу үшін оның ішінде жұмыскер, малшы, құрылысшы, мұғалім, дәрігер, кәсіпкер, IT маманы, барлық сала өкілі болуы керек.
– Сізге ұсыныс болды ма? Сізді қатарына тартуға ниет білдірсе, келісер ме едіңіз?
– «Әділет» партиясы құрылғанда мүше ретінде тіркелсем бе екен деген ой болды. Бірақ жоғары деңгейдегі саясаткер ретінде өзім сұранып барғаным дұрыс емес шығар. Оның үстіне «Мынау не істерін білмей, бізге кеп тұр» деп табалайтындар да табылады ғой. Бәлкім, жоғарыдан біреулер ескеріп, «Осы кісінің тәжірибесін тіпті болмаса, саяси науқанға пайдаланайық» деген ұсыныс түссе, баруға дайынмын. Тіпті мандат сұрап жатпаймын. Саяси науқанға көмектесіп, штабындағы жұмыстарды атқарып беруге келісемін. Оған әлі де күш-қуатым, мүмкіндігім бар.
200 мың теңге зейнетақымды қалай жеткізуді үйреніп жүрмін
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан» жасаймыз, «Әділетті Қазақстан» орнатамыз дейді. Сіздіңше, не өзгерді?
– Әзірге мұның бірі де орнаған жоқ. Президент сол деңгейге әкелемін деп күресіп жүр. Бірақ оған жүйе мүмкіндік бермейді. Халықтың жағдайы жақсарып, көңіл күйі көтерілген кезде ғана «Жаңа Қазақстан» орнайды. Байбалам салып айту – бір басқа. Бірақ қазір бағаның күннен-күнге өсуі жұртты титықтатып жіберді. Мәселен, 2019 жылдан бері жалақы көтерілген жоқ. Бұрын Назарбаев жолдауында зейнетақы, шәкіртақы, жалақыны 30 пайызға көбейту туралы айтатын. Онда да, баға әп-сәтте көтерілетін. Қазір жалақы өспесе де, баға аспандап жатыр. Сондықтан жалақыны көтермей, халықтың өмір сүру деңгейі өспейді. Ол үшін Үкімет басшысы статист, қаржыгер емес, шаруақор адам болуы керек. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінен кейін бюджетке түсетін салық түсімі артқанын айтыпты. Бюджет қазанын айыппұл да толтырып жатқаны жасырын емес. Жақында партия басшылығынан кеткен Азат Перуашевтің «Қазақстан штрафстан болып кетті» деген пікірі шындыққа жанасады. Жарайды, айыппұл тәртіпке шақыратын шығар. Алайда бағаның шарықтап кетуі отбасын асырай алмай жүргендердің қалтасына салмақ емес пе?! Одан да инфляцияның деңгейін жыл сайын көтерсін. Бізде президент айтпай, ештеңе шешілмейді. «Ақша жоқ, бюджетте қарастырылмаған» дейді. Біздің үкімет тек жолдауды ғана күтеді, өздігінен бастама көтермейді. Бұл – үкіметтің қателігі. Егер артық қимылдаса «таяқ» жейді, не орнынан кетеді. Сол үшін де өлетін жерін біледі.
– Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Депутат кезімде жалақы тәуір болды. Басында 500, сосын 700 мың, жетінші шақырылымда 900 мыңдай алдым. Сол жалақымен туыстарыма көмектестім, балаларымды оқыттым. Несиеге көлік алып, оны да төледім. Бірақ депутаттық мандатты өз жеке мүддеме қолданып көрмеппін. Тіпті кезексіз кіруге болатын емханаға да қаншама уақыт кезек күтіп тұрған адамдардан ұялатынмын. Ондай нәрсе болмысымда жоқ. Біздің тәрбие солай болды. Үнемдеуді, қалай жұмсауды білдік. 12 жыл депутат болған кезде Алматыға санаторийге екі рет, «Оқжетпеске» үш мәрте, небәрі бес рет тегін демалыппын. Үкімет тегін ұсынған қызметті де пайдаланбаппын ғой.
Қазір айналысатын нақты жұмысым жоқ. 200 мың теңге зейнетақымды қалай жеткізуді үйреніп жүрмін. Әйелім жұмыс істейді. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан құрылысшылар одағына көмектесіп тұрамын. Жиналыстар өткізеді, есебін жасап беремін. Облыстарды аралады, соған жәрдем бердім. Басқа ешқандай шаруа жоқ. Еш жерге шақырып та жатқан жоқ. Арагідік жолдастарыммен балыққа, аң аулауға шығып тұрамын. Каратэмен бұрынғыдай шұғылданбасам да, жаттығу жасаймын. Қазір өлім-жітім, той-томалақтан қалмауға тырысамын. Дос-жаран арасында гитарамен ән саламын. Кейде жолдастарым: «Қолыңда азын-аулақ қаражат бар кезде неге көлік жуатын немесе техника жөндейтін орын ашып қоймағансың?», – дейді. Ондай ой да болмапты ғой. Сол кезде депутаттардың біразының бизнесі болды. Өздері жүргізбесе де, туыстарының атына жазды.
– Депутаттықтан кеткеннен кейін сізге мемлекеттік қызметтен немесе басқа саладан қандай да бір лауазым ұсынылмады ма?
– Жоқ. Білуімше, Парламенттен кеткен кезде босап қалған әр депутатты жұмысқа тұрғызу мәселесін шешуге тырысады. Маған тек кітапхана, мұрағат, мұражайдан ғана жұмыс табылыпты-мыс. Оның өзінде Шымкент, Тараз, Алматы қаласындағы кітапхана мен мұрағатта 130 мың теңге жалақымен жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Менің ол жаққа бармайтынымды, келісе қоймайтынымды біліп, әдейі айтқан сияқты. Оларға «Құрылыс компаниясына жұмысқа тұрдым, сіздерге рақмет!» деп жай айта салып едім, «О-о, жақсы болған екен» деп құтылғанына қуанғандай көрінді. Одан кейін хабарласқан жоқ. Саясаткер ретінде мол тәжірибесі бар, екі рет президенттікке үміткер ретінде сайлауға қатысқан адамға кітапхана, музей, мұрағаттан басқа еш жерде жұмыс табылмағанына таңғалдым.
– Өзіңізді «далада қалғандай» сезінесіз бе?
– Негізі саяси ойында мұндайға әркез дайын болу керек. Оны бәрі біледі. Мен де дайын болдым. Бірақ саяси тәжірибесі бар адамды пайдалануға болар еді. Алайда атқарушыларға, саяси өмір мен ішкі идеологияны қалыптастырушыларға менің тәжірибем қарама-қайшы болды ма деп те ойлаймын. Биліктегілердің басқа саясатты қолдағанын білемін. Сондықтан керек қылмаған шығар. Өйткені мен кезінде тура айтатын коммунист болдым ғой...
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы