Қоғам

Жамбыл облысында ер адам оққа ұшты: марқұмның туыстары әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговое ауылында ер адамға оқ атылып, қаза тапты.

Фото: әлеуметтік желіден

Қайғылы оқиға 1 тамыз күні түнгі сағат үш шамасында болған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, қылмысқа ауданда әрекет ететін қылмыстық топтың мүшелері болуы мүмкін деген күдік бар. Марқұмның әпкесінің сөзінше, күдіктілердің жасы шамамен 22-де.

Отбасы өкілдері қайғылы оқиғаға дейін марқұмға бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғанын айтады. Осыған байланысты олар құқық қорғау органдарынан істі жан-жақты әрі әділ тергеп, кінәлілерді заң аясында жауапқа тартуды талап етуде.

Сондай-ақ марқұмның жақындары Мемлекет басшысына жүгініп, қылмыстық істің тергелуін жеке бақылауға алуды сұрады.

Марқұмның артында жары, бір ұлы мен қыздары қалды. Ал қарт ата-анасы жалғыз ұлынан айырылды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Ресми тергеу нәтижесі әзірге жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі