Қоғам

Жамбыл облысында жеке сот орындаушысы 3,9 млн теңгені жымқырған

Жамбыл облысында жеке сот орындаушысының өкілеттігін теріс пайдалану дерегі анықталды, деп хабарлайды Бас прокуратура.

Фото: из открытых источников

Тексеру барысында сот орындаушысы мемлекет пен банк ұйымдарының пайдасына өндіріліп алынуы тиіс қаражатты заңсыз иемденгені белгілі болған. Атап айтқанда, борышкерлерден өндірілген 3,9 млн теңге оның жеке есепшотына аударылып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Аталған факті бойынша прокурорлар Қылмыстық кодекстің 251-бабы 2-бөлігімен (жеке сот орындаушысының өкілеттігін қайталап теріс пайдалануы) қылмыстық іс тіркеді. 2026 жылғы 20 наурызда іс сотқа жолданған.

Жалпы, биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жүргізілген прокурорлық тексерулер нәтижесінде 168 адам түрлі жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 81 жеке сот орындаушы бар.

Сонымен қатар алимент төлеуден жалтарған алты тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша істер қозғалған. Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 220 млн теңге берешек өндірілген.

Қадағалау органы азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырып, атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Сайт Әкімшілігі