Саясат

Жамбыл облыстық мәслихаты Ташқараев ісінде әкімдік қысымы болғанын жоққа шығарды

Жамбыл облыстық мәслихаты экс-депутат Дамир Ташқараевтің мандатынан айырылуына қатысты жағдайға түсініктеме беріп, бұл іске әкімдіктің ықпалы болғанын жоққа шығарды.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Мәслихат өкілдері барлық шешім заң аясында қабылданғанын және өкілді орган жұмысына әкімдік араласпайтынын мәлімдеген. Бұл туралы Орда басылымы жазды.

Еске салсақ, Ташқараев мандатынан облыс әкімімен болған жанжалдан кейін айырылғанын айтқан еді. Оның айтуынша, ол сессия барысында өңір басшысының сөзін бөлгеннен кейін қысымға ұшыраған. Қазіргі таңда экс-депутат бұл шешімді сотта даулап, оны заңсыз деп отыр.

Алайда мәслихат бұл пікірмен келіспейді. Облыстық мәслихат төрағасы Нұралиев партияға жүгіну депутаттық әдеп нормаларының бұзылуы мүмкін деген негізде жасалғанын түсіндірді.

«Негіз ретінде азаматтардың өтініштері, сондай-ақ құқықтық және этикалық баға беруді қажет ететін өзге де материалдар мен деректер қарастырылды», – делінген мәслихат жауабында.

Сонымен қатар, мәслихат өкілдері мандаттан айыру шешімі сессиядағы оқиғамен байланысты емес екенін мәлімдеген.

«Депутатты саяси партия құрамынан шығару оның облыс әкімі сөз сөйлеп тұрған сәтпен байланысты емес», – делінген жауапта.

Мәслихаттың мәліметінше, мандаттан айыру туралы шешім партияның ішкі құзыретіне жатады және ол өз рәсімдері аясында қабылданады. Мәслихат бұл мәселеге қатыспайды.

Сондай-ақ ведомство әкімдіктің мәслихатқа қысым көрсетті деген болжамдарды да жоққа шығарды.

«Бұл мәлімдемелер мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының қалыптасқан құқықтық моделіне сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді мәслихат.

Ал Дамир Ташқараев болса, мандатынан айырылуын саяси себептермен байланыстырып отыр.

Сайт Әкімшілігі