Өңір

Жамбылда 48 оқушы мектеп асханасындағы тамақтан уланды

Жамбылда 48 бала мен ересек мектеп асханасындағы тамақтан уланды Жамбыл облысы Байзақ ауданында балалар мен ересектер жаппай уланды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Фото: из открытых источников

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, Байзақ ауданының орталық аудандық ауруханасына 48 адам келіп түскен.

Олар мектеп асханасында түскі ас ішкеннен кейін уланған. Оның 35-і ауруханаға жатқызылды. Екеуі ересек, қалғаны — балалар.

"Негізінен 7-10 жасар балалар келіп түсті. Бәрі — Байзақтағы Н. Киікбаев атындағы орта мектептің оқушылары. Зардап шеккендерге "жіті тамақ токсикоинфекциясы" диагнозы қойылды", — деп түсіндірді ведомстводан.

Дәрігерлер ауруханаға жатқызылғандардың жағдайын орташа ауыр және бірқалыпты деп бағалап отыр. Инфекционист, педиатр, токсиколог, реаниматолог-анестезиолог мамандар бүкіл диагностикалық және емдеу шараларын жасап жатыр.

"Пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін ҚР бас инфекционисімен консультация жүргізіледі. Жағдай тұрақты, бәрі облыстың денсаулық сақтау басқармасының бақылауында", — деп нақтылады басқарманың баспасөз қызметі.

Т. РАУШАНҰЛЫ