Без Категории

Жамбыл облысында төрт адамға сібір жарасы жұққаны анықталды

Жамбыл облысының төрт тұрғыны сібір жарасын жұқтырғанын амбулаториялық зерттеу қорытындысы анықтаған.

Jasalash.kz

Бұл туралы жергілікті басылымдарға облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы әдістемелік орталығының жетекшісі Гүлфайра Мырзабекова хабарлаған. Қазір науқастар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының оқшауланған бөлмесінде жатыр.

— Барлығының денсаулық жағдайы орташа, дене қызуы қалыпты. Өмірлеріне еш қауіп жоқ. Жиырма күннен аса ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болады, — деді Гүлфайра Мырзабекова.

Дәрігерлердің болжамы бойынша, Жамбыл және Жуалы ауданының төрт тұрғынына аса қауіпті дерт оншақты күн бұрын сойылған сиырдан жұққан болуы мүмкін. Дәрігерлер науқастармен қарым-қатынаста болған 44 адамды да (төртеуі — бала) бақылауға алған.

Гүлфайра Мырзабекованың айтуынша, Жамбыл облысында сібір жарасы дерті соңғы он жылда алғаш рет тіркеліп отыр. Қазір мамандар ықтимал ауру ошағын қоршауға алып, шаруа қожалығындағы малға аурудың қайдан жұққанын анықтап жатыр.

AZATTYQ Facebook-та
AZATTYQ VK-да
AZATTYQ Youtube-та

Биыл тамыздың ортасында Ақмола облысы Аршалы ауданы Ольгинка ауылында төрт адамға сібір жарасы жұққаны анықталған соң ауылда карантин жарияланған. Биліктің хабарлауынша, дерт жекеменшіктегі сиырды сойғаннан кейін тараған.

Үкіметтің дерегінше, соңғы жиырма жылда Қазақстанда сібір жарасы жиі анықталады. Тек 2013 және 2017 жылы ғана елде сібір жарасы тіркелмеген.

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега