Жамбылда екі жасар бүлдіршін бассейнге батып кетті
Ми қайнатар шілденің шіліңгірі басталғалы тұрғындар жаппай өздеріне жақын маңдағы өзен-көлдерге, бассейндерге қарай тұра жүгірсе, аптап ыстықта қапырықтан құтылудың жолын іздеген енді біреулер Қытайда жасалған үрленбелі бассейндерді сатып алып, ауласында бала-шағасымен асыр салып түсіп жүр.
Жалпы, Жамбылда жылдан-жылға шомылу маусымында ажалы судан болғандардың саны күрт көбейіп тұр. Мәселен, өткен жылы 30 отбасыға қара су қайғы әкелсе, олардың 21-і мектеп жасындағы балалар екен. «Жылда жаз шыққалы өңірімізде тұрғындарға он мыңдаған жадынама таратылады. Шомылу аймақтарының барлығына ескерту белгілері қойылған. Мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Телеарналар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Соған қарамастан, бақылаусыз бассейн жағалап, суға түсетін балалар азаймай отыр. Өткен жылы шомылу маусымы басталған күннен шілденің 15-іне дейінгі аралықта 10 адам (оның төртеуі бала) өзен-көлдерге, бассейндерге тұншығып қайтыс болса, биыл осы уақыт аралығында 16 адамның (оның 10-ы бала) ажалы қара судан болып отыр. Қазіргі шілденің шыжғырып тұрған ауа райында елдің бәрі бассейн, өзен-көл жағалап жүргені белгілі. Бірақ сондай жерлерде ішімдік ішу, балаларды бетімен жіберіп, көзінен таса қылмай қарап отырудың орнына салғырттық танытқан ата-аналардың кесірінен осындай қайғылы жағдайлар күрт көбейіп отыр. Айталық, кешегі Қордайдағы ауласындағы үрлемелі бассейнге екі жасар бүлдіршінді қараусыз қалдырып кетіп, арты орны толмас өкінішке соқтырды. Сондықтан ата-аналарға шомылуға барғанда, үй ауласындағы бассейндерде де сақтық шарасына баса көңіл бөлулерін сұраймыз», – дейді Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметкері Аида Құдайқұлқызы.
Фото:24.kz