Оқиғалар

Жаңа әдеп пен ұлт сапасы – Ерлан Қарин Президент реформаларының нәтижесін атады

Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары  Ерлан Қарин қоғамда жаңа әдеп қағидаттарын қалыптастыру мен ұлт сапасын арттыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалардың маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.

Фото: ашық дереккөз

Оның сөзінше, өзін-өзі ұстау мәдениеті мен қоғамдық этиканы қалыптастыру – елдің тұрақты дамуының негізгі алғышарттарының бірі.

«Өзін-өзі ұстау мәдениетін, жаңа қоғамдық этика қағидаттарын қалыптастыру – ұлтымыздың дамуы мен өркендеуінің негізгі алғышарттарының бірі. Ішкі мәдениеті мен берік адамгершілік ұстанымдары қалыптасқан қоғам ғана қазіргі заманның сан алуан сын-қатеріне төтеп бере алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің маңызын терең түсінеді. Сондықтан да осы бағытқа айрықша мән беріп келеді», – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, қоғамдағы көптеген дау-дамай мен кикілжің азаматтардың мәдениетсіздігі, әдеп нормаларын сақтамауы және бір-біріне құрмет танытпауы салдарынан туындайды. Сондықтан жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру бүгінгі күннің маңызды міндетіне айналып отыр.

Қарин кез келген жанжалдың алдын алудың тиімді жолы – жеке адамның мәдениетін дамыту екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзара сыйластық, заңды құрметтеу, адал еңбек ету, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты құндылықтардан басталады.

Сонымен қатар Ерлан Қарин ұлт сапасын арттыру мен азаматтардың мінез-құлқын өзгерту ұзақ мерзімді жұмыс екенін айтты.

«Ұлт сапасын арттыру, азаматтардың мінез-құлқын өзгерту, жаңа әдеттерді қалыптастыру бір күндік шаруа емес. Мұндай өзгеріске жалаң ұранмен немесе жылтырақ идеологиямен қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан нақты істерге басымдық берілуі қажет», – деді ол.

Осы мақсатта Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бірқатар жүйелі өзгерістер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, мектептерде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілді. Вандализмге қарсы заң қабылданып, табиғи нысандарды қорғау талаптары күшейтілді.

Қоғамдық орындарда бетті тұмшалап жүруге қатысты заңнамалық норма енгізілді. Сонымен бірге көшеде бейәдеп сөз айтуға тыйым салынып, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін орындау талаптары қатаңдатылды. Әлеуметтік желілерде азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлағаны үшін жауапкершілік те күшейтілді.

Ерлан Қарин жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруда құқықтық тетіктердің де маңызы зор екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде хайп үшін заң бұзатын адамдар мен қауіпті пранк ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тартып, олардың әрекеттерін жария түрде көрсетіп келеді.

«Құқық бұзушыларға қатысты мұндай шараларды қолдану өзгелерге сабақ болатыны анық», – деді Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

Оның пікірінше, жаңа әдеп мәдениетін қалыптастыру мен азаматтық жауапкершілікті күшейту – елдегі реформалардың ұзақ мерзімді нәтижесін айқындайтын маңызды бағыттардың бірі.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ерлан Қарин