Конституциялық реформа жөніндегі комиссия елдің жаңа Конституциясының жобасын жариялады. Қазіргі уақытта жоба халық арасында кеңінен талқылануда. Қазақстан Халық партиясы елдің жаңа Негізгі заңының жобасын қолдайтыны туралы ресми мәлімдеме жасады.
– Ұсынылып отырған норманы бекіткен жағдайда мемлекет барлық туындайтын міндеттерімен бірге азаматтарға еңбек ету мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс, – деп мәлімдеді мәжілісмен.
Құжатта қолданыстағы Конституцияның оң тұстары сақталған. Жаңа жобада партияның осыған дейін көтерген жер қойнауы мен табиғи байлықтар туралы бастамасы бап ретінде қалдырылған.
«…Біз іргелі экономикалық негіздердің сабақтастығын атап өтеміз, – делінген ҚХП мәлімдемесінде. – Жобаның 8-бабында жер және оның қойнауы халыққа тиесілі екені жөніндегі негізгі норма сақталған. Қазақстан Халық партиясы ұлттық байлықтың әр азаматқа қызмет етуін талап ете отырып, дәл осы ұстанымды берік қорғады. Сонымен қатар бұл ресурстық іргетас жаңа стратегиялық вектормен толықтырылып отыр: 3-бапта мемлекеттік қызметтің басым бағыты ретінде адам капиталы, ғылым мен білім дамытылатыны жарияланған. Біз табиғи байлықтан түскен табысты білім мен азаматтарды дамытуға инвестициялау арқылы Әділетті Қазақстан құру негізін қалыптастыратын тәсілді дұрыс деп санаймыз…»
ҚХП депутаты Ислам Сұңқардың пікірінше, бұл өте маңызды толықтыру.
– Жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет және инновациялар негізгі басымдық болып нақтыланды, – деп түсіндірді мәжілісмен. – Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықта емес, адам капиталы мен азаматтардың жетістігінен көрініс табатынын айқындайды. Бұл түбегейлі және маңызды бетбұрыс.
Партияның мәлімдемесі заң жобасын жоғары бағалаумен түйінделді.
«…Біз преамбуланың идеологиялық мазмұнын қолдаймыз, онда Ұлы Даламен тарихи сабақтастық, «Заң және Тәртіп» қағидатына сондай-ақ , әділеттілік идеалдарына адалдық бекітілген. Құжатта қоғамның тұрақтылығының негізі болып табылатын этносаралық және конфессияаралық келісімге ерекше назар аудару маңызды, – делінген. – Жаңа Конституция мемлекеттіліктің одан әрі дамуы үшін құқықтық шеңбер қалыптастырып, демократия институттарынының өкілдігімен азаматтарды біріктіреді. Қазақстан Халық партиясы басты орынға Адам мен Азаматтыың мүддесі қойылған жобаны қолдайды…»