«Жаңа Қазақстаннан» жік шықты...
«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін, «Жаңа Қазақстан» тіркесі жиі ауызға алынатын болды.
Әсіресе, оппозициядан жеңіл қарғып, «Нұр Отанға» өткен депутат Айдос Сарымның биссимилласына айналғандай. Телеарналардан «Бәріміз жаңа Қазақстанда ояндық» деп жар салса, ізін суытпай, мәжілістегі әріптестерінің басын қосып, «Жаңа Қазақстан фракциясын» құрғанын жариялады. Айдос мырзаның елден ерекше белсенділік танытып, «Жаңа Қазақстанның» ұраншысына айналғаны – былайғы жұртқа ғана емес, бұрынғы одақтастарына да ұнамай отырған сияқты.
Танымал саясаткер Дос Көшім ағамыз «Жас Алаш» газетінің өткен бейсенбі күнгі санындағы (10, 17 ақпан 2022 жыл) «Жоғалсада атың, жоғалмасын – атың» мақаласында қазақ елінің саяси-қоғамдық өміріндегі «атаулар тартысы» төңірегінде, нақтылап айтқанда, «атауға таласу» дерті жайында әңгіме өрбітіпті.
Тісқаққан саясаткер ағамыз 34 жылдық саяси-қоғамдық өмірінде талай қызықтарға тап болған. Басқа емес, өздерін оппозиция санайтындар атқа таласу жағынан көш бастаған (Ақжол – Нағыз Ақжол, екі Азат). Олар төрт түліктің өзін неше түрлі түстейтін қазақта ат құрып қалғандай, ұқсас ат қою арқылы билікпен емес, өздерінің бұрынғы достарымен таласқа түскендей, әсер қалдырған. «Қазір әлеуметтік желіде «Атажұрт» және «Нағыз Атажұрт» деген атауларды көргенде, бұл балалықтың ауруы ма, әлде атаулар арқылы бір-біріне деген жаулықты білдіру ме деп ойлаймын», — деп жазады. Өзі кезінде мүше болған Қазақстанның Социал Демократиялық партиясының (1990 жылы құрылған) атына, кейін, биліктен оппозицияға келген Жармахан Тұяқбай «жалпыұлттық» деген анықтауышты қосып жиендік жасаған екен. Ал «Жаңа Қазақстан» атауына келсек, бұл тіркесті иеленген тұңғыш саяси бірлестік 2018 жылы Брюссельде құрылған, ол «Жаңа Қазақстан форумы» деп аталған. Оның жасақталуына қоғамға танымал С.Мәмбеталин, Е.Бапи, Ә.Қосанов, Ә.Қажыгелдин, Р.Жұмалы қатарлы кісілер ұйытқы болған, бел ортасында Дос аға да, Айдос Сарым да бар. Форумдағы белсенді азаматтар ютуб канал ашып, «Күлтөбеде күнде кеңес құрып», танымал болып, кәдімгідей, брендке айналғанымен, аталмыш форум ресми түрде тіркелмеген. Дос ағамыздың «Заңдық тұрғыдан алғанда, ол атауды кез келген саяси, қоғамдық топ пайдалана алады. Бірақ мәселенің моралдық-этикалық жағы да бар екенін ұмытпау керек», дегенінен негізгі айтпақ ойы мен мұндалайды. «Баяғы заманда да біреудің атына (бұл жерде жылқы деген мағынада) қызыққан бай-манаптар иесіне келіп, сұраған бағасын беріп алып кетеді екен, немесе қалап алатын көрінеді. Кейбір мәрт жігіттер алдына келіп, қолқа салған жандарға талай жерде бәйге алған сәйгүліктерін «Бетіңді қайтармаймын, малдың аты мал ғой», деп беріп жіберетін көрінеді», деген жолдарынан Айдос Сарымның «нұрланғаннан» кейін ескі, не буыны қатпаған «Жаңа Қазақстан» жайында ежелгі саяси саптасы Дос ағамызбен мүлде әңгіме-дүкен құрмағаны аңғарылады. Бәрінен де қызығы мынада екен: барлық сөздіктерге «Фракция ұғымына – бір партияның ішіндегі пікірлес адамдардың тобы» деген айқын анықтама берілсе де, Айдос мырзаның «Жаңа Қазақстан фракциясы» үш партияның мүшелерінен құралған екен. «Оның себебі неде?» деп сұрақ қойған Дос ағамыз оған: «Меніңше, «Парламенттік оппозиция» заңы қабылданып, бірақ «Ақ жол» мен «Халық» партиялары қанша күшенсе де ол рөлге кіре алмайтынына, халықты сендіре алмайтынына көздері жеткен билік «Парламенттік фракциялық оппозиция» жасауды ойлап тапқан сияқты» деген жорамалын айтады. Мақаласын «Алдарынан жарылқасын дейміз» деп аяқтайды.
Қалай десек те, Дос ағамыз біз сөз еткен кезекті мақаласында өте өзекті мәселе көтерген. Президент Тоқаевтың наурыз айында саяси реформалар туралы жолдау жасайтыны мәлім болғалы бері, саяси өмірге жан кіре бастады. Мемлекеттік хатшы мен президент әкімшілігі басшылары саясаттанушылармен кездесулер өткізіп, ұсыныстарын жинай бастағаны жария болды. Қоғам белсендісі Санжар Боқаев «Намыс» атты жаңа форматтағы (электронды) партия құратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа партиясы – «Нұр Отан» сияқты бюджетке, халыққа салмақ салатын «масыл» партия емес – өзін-өзі қаржыландыратын, өз күнін өзі көретін партия болмақ. «Бостандық (еркіндік), әділдік, теңдік» ұранымен Арман Шораев, Мұхтар Жәкішев, Досым Сатпаев, Ермұрат Бапи, Бақытжан Төреғожина бастаған танымал азаматтар мен азаматшалар да «Ел болашағы» атты билікке, халыққа үндеу жариялады. Мемлекеттің болашақтағы саяси құрлымына қатысты өз ұсыныстарын айтып, дініне, ұлтына, жынысына, жасына қарамай, әр қазақстандықтың елдің экономикалық, саяси істеріне қатысуын қамтамасыз ететін тетіктерді қолға алып, жұмысты «Қаңтар трагедиясын» әділ тергеуден бастауды ұсынды. Тәуелсіз саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт те биліктің барлық тармағын (саяси, әкімшілік) жеке дара шеңгелдеп алған, бәрін бір өзі тағайындайтын қазіргі супер президенттік жүйені түбірінен өзгертуді қалайтынын жеткізген. Бұл дүбірге жастар, жаңа саяси, қоғамдық күштер ғана емес, зейнетке шыққан көне саясаткерлер де бақ бетінен жиі көрініп, өткенге, ескі президентке баға беріп, көрік қосуда. Парламенттегі «Жаңа Қазақстан фракциясының», Айдос Сарымдардың нақты бағдарламасы әлі белгісіз. Президенттің аңысын аңдап, жолдауын күтіп отырған тәрізді.
Алда, әйтеуір, бір болатын саяси аламанға ат қосатын белсенділерге өткеннен сабақ алып, ескі оппозицияның қателігін қайталамау үшін де Дос ағаның мақаласының тигізер пайдасы зор. Жаңадан пайда болатын саяси ұйымдар «Тең төраға» санын көбейтуден, ұйымын бөлшектеп «Нағыз» болуға ұмтылудан, сайлау нәтижесі шықпай жатып, қарсыластарын құттықтаудан сақ болғаны жөн. Ұраншылдықтан арылып, ортақ мақсатқа, нақты іске жұдырықтай жұмылғаны ләзім. Бас пайда, жеке қатынастан гөрі, ортақ саяси мұратты қадірлеуі тиіс. Сонда ғана саяси бірлігі бекем, өміршең болмақ.