Саясат

Жаңа жылда жаңа бағытпен жүру керектігін билік сезініп отыр ма?

Келер жылы экономиканы және халықтың әлеуметтік жағдайын қолдау үшін біз ұстанған бағыттарды өзгерту керек.

Jasalash.kz

Ол үшін сала мамандары былай деп отыр: 

А) Біріншіден, тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін дүние коррупциялық қадам. Оларға кедендегі, жол үстіндегі және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтарды жатқызуға болады. Мұндайға кеткен шығынын кәсіпкерлер тауар бағасына үстеме қосып шығарып алуға тырысады. Міне, бірінші кезекте баға осылай шарықтайды.

Ә) Екіншіден, мемлекеттік монополиялардың аздығы. Бұл ретте бірінші мұнай нарығының жекеменшік монополияға тәуелдігі ойлантуы тиіс. Мұнай өнімдерін сатудың жекелеген топтарға мүдделі болуы. Олардың бір-бірімен текетіресіп, бәсекелестерін болдырмау үшін нарықтан орын бермеуі бізде әбден өршіген.  Мұның соңы мұнай өнімдерінің бағасын қымбаттатып отыр. Қазір әлемдік нарықта мұнай арзан болғанмен, бізде жанар-жағармай бағасы қымбат. Себебі бізде мұнай өңдейтін компанияның дені жекелеген ауқаттылардың  қолында. Ал жекеменшік адам бірінші халықтың емес өзінің қалтасын ойлайды. Сондықтан біздегі жанармай бағасы арзандамайды. Ал жанармай қымбаттаса, барлық тауардың бағасы көтеріледі деген сөз. Міне, бізге екінші осы мәселені шешуге тырысқан абзал.

Б) Үшіншіден, табиғи газ, жарық, су нарығының жекеменшікке өтуі. Бұл нарықта делдалдардың көптігі көгілдір отын, су, жарық бағасының шектен тыс қымбаттауына жол беріп отыр. Газ тасымалдау инфрақұрылымы дамымағандықтан кейбір өндіріс орындары қымбат бағаға газ енгізеді. Оны енгізіп алғаннан кейін ай сайынғы төлейтін бағасы да қымбат. Өнім шығару үшін не керек, газ керек, жарық, су керек. Сонда коммуналдық төлемге қымбат ақы төлеп отырған кәсіпорынға «тауарыңды арзанға сат» деп қайтіп айта аламыз?! Сондықтан бұл да шешімін табуы керек дүние.

В) Төртіншіден, агросекторда бәсекенің төмен болуы. Бұл салада өнім сақтайтын қоймалардың жоқтығы, биржалық сауда түрінің кемшіндігі, мемлекет тарапынан бөлінетін көмектің дұрыс бөлінбеуі тауар бағасына әсер етіп отыр. Жыл басынан бері ет пен сүттің екі есеге қымбаттауы осының анық айғағы. Агро-өнім өндірушілерге бақылау жоқ. Бақылау болса да қолдау жоқ. Сосын олар да нарықты бағдарлай алмай, «тек пайдаға шықсам болды» деп өнім бағасын қымбаттата береді.

Г) Бесіншіден,  мемлекеттік сатып алу жүйесінің жетілмеуі. Тендердегі заңсыздық. Мемлекеттік ведмоствалық кәсіпорындардың астыртын монополия құруы. Мемлекеттен бөлінген қаржының 97 пайызын осындай кәсіпорындар алады. Тендерді тамыр-таныстық жайлаған. Бұл да нарықтық экономиканың заңына қайшы дүние.

Экономист-ғалым Мырзахан Белгібаев айтып отырғандай, осы бес бағытта бақылауды мықтасақ жағдай түзелер еді.

 Сондай-ақ экономист-ғалымның пайымдауынша, біз тәжірибеден гөрі теорияға көбірек иек артып отырмыз. Мысалы, біз инфляцияны ауыздықтау үшін ағылшын ғалымы Фридмен Милтонның қағидасын ұстаныппыз. Милтон қағидасы «қымбатшылықты болдырмау үшін ақша массасын қысып, өндірістік емес, қаржы саласын қолдау керек» дегенге саяды. Бұған қатысты ғалым Мырзахан Белгібаев «Үкімет қаржы саласын қолдау үшін екінші деңгейлі банктерге қаншама мәрте көмектесті?! Оларды дағдарыстан алып шықты. Активтерін көбейтіп алу үшін бюджеттен қаржы бөлді. Бізге Милтон теориясын ұстанудың қазір қажеті жоқ. Біз үшін қазір қаржы саласынан гөрі отандық өнім өндірушілерді қолдаған ыңғайлы. Импортқа тәуелділіктен құтылмай, қымбатшылықты қанша тежесек те бағындыра алмаймыз. Сондықтан отандық өнімге ықыласты арттыру керек. Жергілікті әкімдер мен монополияға қарсы комитеттер осы мәселелерді ескергені жөн. Бұл мәселелер ескерілмесе, қиыншылықтан құтылу қиын» деді...

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега