Жаңа жылға аманат!
Әне-міне дегенше 2017 жылымыз өтіп, күнтізбелік ит жылына аяқ бастық. Жаңа жыл келді, жаңа жыл басталды десек те, баспасөзіміз бен интернетіміз әлі де ескі жылдың тақырыптарын кеміріп, қоғамды өнер жұлдыздарының дау-дамайымен асырап келеді.
Қай сайтты ашып қалсақ та, көретініміз бір жылда фамилиясын үш ауыстырған Баян, түнгі клубта қыздарды шешіндірген Байзақова, көрермендерін боқтаған әнші Төреғали, тағысын тағы. Егер басқа елден келген біреу-міреу қазақ баспасөзін шолатын болса, «мына қазақтар қандай бақытты халық, талқылайтын тақырыптары қалмай, өнер жұлдыздарын күні-түні талқылайды» дейтіндей халге келер еді...Шындап келер болса, қазақ талқылайтын тақырып бастан асады. Шетелде құрықталып жатқан Ұлттық қордың 22 миллиард доллары болсын, ертеңіміз осыған қарайды ғой деп тірнектеп, бала-шағаның аузынан жырып алып жиналып жатқан зейнетақы қоры қаражатының талан-таражға түсуі болсын, елді жегідей жеген жемқорлық кесірінен әрбір дерлік ірі бюджет бағдарламасының пысықайлар мен ұрылардың мемастауы мен жемсауына айналуы болсын, бәрі де қоғам назары мен қызығушылығын тудыратын тақырыптар. Бұдан ассақ, еліміздің шынайы тәуелсіздігі, мемлекетіміздің бірлігі мен тұтастығы, екі алпауыт көршінің Қазақстандағы саясаты, еліміздің бірегейлігі мен ділдік ынтымақтастығын арттыру тақырыптары мәңгілік тақырыптар. Еліміздегі жемқорлық мәселесі, демократиялық институттар мен азаматтық қоғамды қалыптастыру, баспасөз бостандығы мен ой еркіндігін баянды ету қазаққа керек емес деп кім айта алады? Ал болашақ ұрпақты тәрбиелейтін мектеп мәселесі, мектептегі білім деңгейі, үштілділік деген саясат, ұстаздардың жалақысы, елдегі экология, ауру-сарсаңның таралуы, дәрігерлеріміздің жайы есі түзу қоғамды бейжай қалдыра ала ма? Халқы босап жатқан ауылдарымыз, қала мен ауыл айналасындағы жер мәселесі, жұмыс іздеп, күнін көру үшін қалаға сабылып келіп жатқан қазақ мәселесі, жабайы урбанизация, елдегі жұмыссыздық, жалақылардың төмендігі мен әділетсіздігі жұртты қызықтырмайды дегенді кім айтып еді?Ал біз нені талқылап жатырмыз? Біздің баспасөзіміз бен интернетіміз, одан қалса әлеуметтік желілеріміз нені бас тақырып қылып, не үшін қырықпышақ болып қырқысып жатыр? Ойбай, Баян қызымыз «Баян сұлуды» қорлапты, быт-шыт киносериал түсіріпті! Ойбай, Төреғали концертте көрермендерін боқтапты! Ойбай, ана әнші байынан ажырасып, басқаға тиіпті! Ойбай, аналар арсыз екен, жұрт көзінше сүйісіп тұр екен! Ойбай, ана молда қатындарды қамшымен сабау керек депті! Ойбай, ана әкім президентке кіріпті, ана министр үйқамақта отыр екен, бұнда қандай гәп бар екен, ә? Ойбай, ана пысықай президентті өлгенше мақтапты, кабинетіне сабынсыз кіріпті, туфлиін дұрыстап тұрып жылтырлатыпты! Осыны талқыламасақ, осыны айтпасақ, қазақтың күні қараң! Ақырзаман деген осы болар! Қазақтың күні қараң! Елім-ай! Қайран қазағым-ай! Абылайдың түсі-ай! Біттік, осымен, біттік!Шынымен де ақырзаман деген осы ма? Менің ойымша, нағыз ақырзаман осы тақырыптарды күні-түні талқылап, тақырып қылып айлар бойы езіп отырғанымыз. Өйткені мыңдаған өзекті проблемасы бар елдің әншінің омырауы мен бишінің көйлегін талқылап отыруы нағыз бейшаралық, я көзсіздік, я ақымақтық, бәлкім, көзсіз ақымақтық.Мәселенің екінші де жағы бар. Журналистерімізге, редакторларымызға құлақ асатын болсақ, мәселені оқырмандар жағына қарай ығыстыратын сияқты. «Жазуын жазып жатырмыз, айтуын айтып жатырмыз. Үлкен, өзекті тақырыптарды алып, кәдімгідей еңбектеніп жазамыз, сайттарға саламыз, әрі кетсе 100 адам оқиды. Есесіне аталмыш Алагөзова туралы кішкентай ғана дүниені салсақ, мыңдаған адам көріп, пікір жазып жатады. Бізге де нан табу керек, бізге де оқылым керек, оқырман керек, әйтпесе жарнама да жоқ, тапсырыс та жоқ» деп жатады журналистер. Оларды да түсінуге болатын шығар. Олар да қазақтың баласы, оларға да күн көріп, бала-шаға асырау керек дейік. Дегенмен...Жалпы алғанда, бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – орысша айтатын болсақ, «чернуха». Орысша жазды деп ешкім өкпелемес, бұл сөздің қазақ тілінде баламасы да жоқ сияқты. Теледидарымыз, баспасөзіміз, интернетіміз, әлеуметтік желіміздің барлығы дерлік «жұмақ» пен «тозақты» таңдап алған. «Жұмағы» – баспасөзге міндетті үгіт-насихат, президентті мақтау, оның сарабдал саясатын өле-өлгенше жыр қылу. «Тозағы» – жаңағы «жұлдыздарымыз», атып кетті, шауып кетті, зорлап кетті, тонап кетті. Өз басым криминалдық жаңалықтарды жазбау керек деп отырған жоқпын. Айту да, жазу да керек. Бірақ қылмыстың, криминалдың да орны болуы керек қой. Осы «чернухадан» көз ашпаған 90-жылдарды да бастан өткердік. Тоқсаныншы жылдары дүниеге дұрыс баспасөз келіп, осы «чернуха» қаптап кетпегенде халық барша құқықтары мен арман-мұраттарын бүгінгі биліктің қолына көзсіз-ойсыз, сұраусыз ұстатып бермес пе еді? Кім білген? Сонымен қоректеніп өскен қоғамның моральдық және этикалық тұрғыдан жарымағанын, керемет бір дәрежеге жетпегенін бүгінгі қоғамнан-ақ айқын көруге болады емес пе? «Жұмақ» жоғарыда, «тозақ» төменде. Олардың ортасында күйбің тірлік жасап, аяғымен жер басып жүрген қазақ тақырып ретінде жоғалып бара жатыр.Бұған не істеуге болады?
- Қазақ баспасөзінің қазақ алдындағы миссиясын қалпына келтіру, сол миссияға адал болу.
- Орта жолға түсу, әлеуметтік оптимизм көздері мен негіздерін табу.
- Жаңа заманның жаңа батырлары мен символдары пайда болуы тиіс.
Айдос Сарым, саясаттанушы
Фото: matritca.kz