Саясат

Жанайқай!

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Қазақ баспасөзі: Бүгін және ертеңі» атты конференция өтіп, бүгінгі қазақ баспасөзі бетпе-бет келіп отырған мәселелер ортаға салынып, мерзімді басылымдардың басшылары атынан Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолданды.

Jasalash.kz

 «Барлық басылымдардың соңғы жылдары жазылу көрсеткіші күрт төмен түсіп кетті. Қолымыздан келген ұйымдастыру жұмыстарын істеп жатырмыз. Әсіресе, 18 мың кітапханаға бір-бір данадан жазылу жөніндегі ұсынысымыз орындалған жоқ. Сондықтан бұл хатымызды Сізге тағы да жолдап отырмыз. Егерде осылай кете берсе, Қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан Қадірлі Президент мырза! Қазақ баспасөзін тікелей өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз», — деп басталған ашық хатта баспасөзді қолдаудың нақты жолдары да ұсынылған.

Атап өтер жайт, бұл ашық хат осыған дейін де билікке жолданған болатын-ды. Алайда елімізде күн өткен сайын қазақ тілді басылымдардың таралымы күрт азайып, тіпті, көбісінің жабылып жатқанына тиісті орындар назар аудармай отыр. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып, тағы да дабыл қаққан қазақ баспасөзінің басшылары билік үнімізге құлақ түрер деген үмітте. 

«Баспасөзді оқымау ол надандыққа бейжайлыққа, рухани жаңғырмауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет, журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады. Ол мәселені шетелдерді көп зерттеген Сіз жақсы білесіз. Баспасөзге жазылу науқаны алдында қайтадан өзіңізге хат жазуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл хатымыз нәтижесіз, аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Біз мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынамыз», деген қазақ баспасөзінің бір топ редакторлары қол қойған хат тағы да мемлекет басшысына жолданды.

Осы жиында сөз алған саясаттанушы Дос Көшім: «Газеті немесе журналы жабылып қалудан қорыққан редакторлар қазір әкімдерге қол жайып жүр. Біз қазақ баспасөзін осындай қайыршы деңгейге жеткіздік. Әлеуметтік желінің күшеюі мен сайттардың көбеюі ақпарат таратуды арттырды дестік. Алайда әлеуметтік желі мен газеттің айырмасы жер мен көктей. Газеттегі сараптамалар ел ішіндегі әрбір жайтты талдап, халықтың көзін ашып отырады. Халықтың сана сезімін келесі бір деңгейге көтереді. Біз осыдан айрылып қалсақ, ертеңгі күніміз не болатынын ойлау қорқынышты. Әлеуметтік желідегі сөз бүгін бар, ертең жоқ. Тіпті, олардың арасында арандату мен жалған сөз де жүруі мүмкін. Иесіне ұнамаған пікір артынша, өшіріліп қалып та жатады. Ал газет шынайы сараптама, таразы ретінде ел ішіне таралса, белгілі бір күш ретінде сақталар еді, халық пен билік арасына алтын көпір болар еді. Осыны түсінгендіктен, Еуропа елдері газетін сақтап отыр. Ал біз жаппай жойып жатырмыз. Дәл қазір елімізде қағаз форматындағы санаулы газет қалды. Енді бір бес жылда бұл таралымнан да айрылған газеттер түгел жабылса – халықтың санасын кімге билетіп қоярымыз қорқынышты. Осыны түсініп, мемлекет әлдеқашан дабыл қағуы қажет еді. Алайда жазылған ашық хаттың өзін елемеуі көңілге кірбің түсіреді. Қазіргі таңда «Ұйғыр авази» газетінің таралымы он бес мыңдай екен. «Жас Алаштікі» де сол шама көрінеді. Бұл ұят. 300 мың халқы бар ұйғырлар мен артында он үш миллион халқы бар «Жас Алаштың» таралымы, тіпті, салыстыруға келмейді. Бұл қазақ баспасөзіне мүлдем көңіл аударылмай отырғанының бір дәлелі. Елдік, ұлттық мәселелерді тек газеттер ғана көтереді. Осыны ұмытпауымыз керек. Газет жабылса, ұлттың күйін жоқтар ешкім қалмайды. Сондықтан мемлекет тарапынан қазақ баспасөзін аяққа тұрғызар он жылдық бағдарлама керек. Және ең бірінші қолдау қаржылай болуы қажет», – деді. Жөн сөз!

Газет журналдарға жазылу науқаны алдында баспасөздің мәселесін арқалаған ашық хат тағы да мемлекет басшысына жолданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ баспасөзінің зарын «ести алса», қанекей!

Қуаныш Әбілдақызы
Тегтер: Без Тега