Қоғам

Жаңаөзендегі ауруханаға бөлінген 223 млн теңге дауы: Әкімнің бұрынғы орынбасары күдікке ілінді

Маңғыстауда Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына күйік бөлімшесін ашуға бөлінген қаражаттың жымқырылуына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті хабарлады.

Фото: из открытых источников

Тергеу мәліметінше, 2025 жылы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы «ҚазМұнайГаз» компаниясына күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсету жөнінде өтініш жасаған. Жобаға 223 млн теңге бөлініп, қаражат «ӨзенМұнайГаз» арқылы «Жарылқау» қоғамдық қорына аударылған.

Бастапқы жоспар бойынша бұл ақшаға медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алып, мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейін жоба шарттары өзгеріп, үшжақты келісім жасалған. Соған сәйкес «Жарылқау» қоры, Жаңаөзен қалалық ауруханасы және «AKBS Invest» ЖШС жалпы құны 210 млн теңге болатын күйікпен емделетін науқастарға арналған екі арнайы кереует сатып алуға келіскен.

ҚМА мәліметінше, сатып алу кезінде заң талаптары сақталмаған. Себебі мұндай құны жоғары медициналық техниканы Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу қажет болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, іске аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші компания өкілі қатысы болуы мүмкін. Жабдықты сатып алуға 92 млн теңге ғана жұмсалған. Агенттік қалған қаражаттың үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, күдіктілер арасында бөлінуі мүмкін екенін анықтаған.

Тергеу барысында «AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен алынған қаражатқа Астанадан пәтер сатып алып, оны басқа адамдардың атына рәсімдегені анықталған.

Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталған.Үш күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, оның ішінде екі пәтерге, екі тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынған.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі