Әлеумет

Жаңақорғандағы шаруа қожалығында 100 қой қырылып қалған

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында оқыс оқиға орын алды.Белгісіз дертке шалдыққан уақ мал бірінен соң бірі қырылып жатыр.

Jasalash.kz
Қыруар шығынға Ахмет РАХИМОВ есімді кәсіпкер батқан. Ауыл шаруашылығын түлетіп жүрген азамат жуырда Байкенже ауылына қыстауға көшіп келген. Сол уақыттан бері қойлары ауырып, өле бастаған. Бүгінде ветеринар мамандардан нақты көмек болмай тұр. Мал дәрігерлері тіпті кеселдің қайдан келгенін анықтай алар емес. Ал, күнкөріс нәпақасынан айырылып отырған кәсіпкер өз қалтасынан ауруға қарсы екпе салдырып әлек."Қойларым ауырған күннен бастап, ветеринарларға жүгірдім. Мамандар келді қарады. 30 малымды өртеді. Одан кейін 80 қойымды өртеуге мәжбүр болдым. Қазір 100-ге жуық малымнан айырылып қалдым. Осы шаруашылықпен отбасымды асырап отырған адаммын. Санаулы уақыттың ішінде қыруар шығынға баттым.Меншігімде 500 қой болатын. Қарсы вакцинацияны өз қалтамнан төлеп жатырмын. Мемлекеттің мал шаруашылығына көрсеткен қолдаулары осы ма? Ветеринарлардың ештеңемен шаруасы жоқ. Басшылар ешқайда арызданбаңыз, шағымданбаныз дейді. Ал, менің шығынымды сонда кім өтеп береді", — дейді Ахмет Рахимов.Жаңақорған негізінен мал шаруашылығымен күнелтіп отырған аудан.Мұндағы халық төрт түліктің бабын жақсы біледі. Алайда, кеселге қарсы вакцинаның тегін табылмауы тіпті түсініксіз.«Аталмыш азамат 7 қараша күні Шалқия кентінің ветеринариялық пунктіне хабарласқан. Мамандар барып, ауырып тұрған малды көріп келді. Дәрігерлер лептоспироз ауруына күмәнданып, болжамды диагноз қойды. Сол мезетте малды оқшаулап, 30 қойды өртеді. Мал иесі өзінің қаражаты есебінен екпе дәрілерін салдырды. Ауырған малдарға сыворотка және антибиотиктермен емдеу жұмыстарын ветеринарлық мамандар атқаруда. Өлекселерден патматериал алынып, зертханаға жолданды. Дезинфекция жасалынды. Қазіргі күні зерттеу жұмыстарының нәтижесі күтілуде», — деп мәлімдеді Жаңақорған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Нұрлан БЕРКІНБАЕВ.Айта кету керек, осыдан бірнеше жыл бұрын ауданда уақ малдың қырылу фактісі орын алған болатын. Сол кезде шығынғы ұшыраған шаруаларға материалдық көмек көрсетілді. 100 қойынан бір мезетте айырылып қалған Ахмет Рахимовқа қандай қолдау болатындығы әзірге белгісіз.Фото: animalsprotectiontribune.ru
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега