Оқиғалар

Жаңа желекжолдар, аулалар мен аллеялар: Астананы абаттандыру жұмысы қалай жүргізілді

Жаңа желекжолдар, аулалар мен аллеялар: Астананы абаттандыру жұмысы қалай жүргізілді

Фото Астана әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елорданы абаттандыру барысы жайлы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қаланы абаттандыру бағытында жыл сайын ауқымды жұмыс атқарамыз. Мәселен, биыл 170-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, аллеялар) абаттандырылды. Бұл ретте көгалдандыруға, жаяу жүргіншілер жолын дамытуға және заманауи қалалық орта қалыптастыруға баса мән береміз.

Фото Астана әкімдігі/1

Қаладағы ірі нысандардың бірі – «Мыңжылдық» аллеясы. Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының артындағы жаңа гүлзар мен «Нұрлы жол» вокзалы алдындағы аумақ абаттандырылды. Жобаның негізгі мақсаты – ұзындығы шамамен 4 шақырым болатын бірыңғай желілік саябақ қалыптастыру. Аллея бойында серуендеу аймақтары, бақтар, су элементтері, велосипед және жаяу жүргіншілер жолақтары кезектесіп орналасады. Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді.

Биылғы маңызды жобалардың бірі – GreenLine жобасының екінші кезеңін іске асыру. Желілік саябақтың ұзындығы – 2,3 шақырым. Оның бойында каскадты сарқырама, тоғандар, балаларға арналған ойын алаңдары, серуендеу жолдары мен түрлі демалыс орындары бар.

Фото Астана әкімдігі/1

Астананың тарихи кезеңі қалыптасқан, қаланың дамуы бастау алған оң жағалауына да ерекше көңіл бөліп отырмыз. Біз үшін жекелеген көшелерді жаңартып қана қоймай, олардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, елорданың осы бөлігіне жаңа, заманауи келбет беру маңызды. Сонымен қатар Есіл өзенінің бойында қоғамдық және рекреациялық кеңістіктердің тұтас жүйесін кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз, цирк маңындағы аумақ та абаттандырылды.

Фото Астана әкімдігі/1

Келесі жоба – Кіші Талдыкөл аумағында экопарк құру. Биыл бұл жобаны жүзеге асыру жұмысы басталды. Экопаркте табиғи ландшафты сақтау, аумақты табиғи жолмен көгалдандыру, серуендеу жолдары мен жағалау аумағын абаттандыру көзделген.

Фото Астана әкімдігі/1

Сол сияқты Триатлон парк маңындағы аумақты дамыту жұмысын ары қарай да жалғастырамыз. Мұнда жағалауды одан әрі көркейтіп, өзеннің екі жағасын байланыстыратын жаңа жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарланып отыр. Көпірдің өзі жеке сәулеттік нысанға айналады.

Басты мақсат – жекелеген саябақтар мен гүлзарлар салумен шектелмей, қаланың барлық ауданындағы тұрғындарға қолжетімді, өзара ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолдарымен байланысқан сапалы қоғамдық кеңістіктердің тұтас жүйесін қалыптастыру», – деп жазды Жеңіс Қасымбек

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Астана