Әлеумет

Жансүгірдегі жетім жұрт

Ақсу ауданы Алматы облысындағы әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары аудан. Халқының саны - 40 мыңнан астам.

Jasalash.kz
Алматы-Өскемен күре жолының бойында орналасқандықтан транзиттік маңызға ие. Алайда, тәуелсіздік алғалы қараусыз қалды. Іргедегі Сарқан ауданының орталығы мен жақын маңдағы ауылдардың жағдайы көш ілгері, алға жылжу байқалады. Амандық БАТАЛОВ Ақсу қант зауытын қайта жандандыруды қолға алған болатын. Пайдадан үміті зор жергілікті шаруалар қант қызылшасын егіп, егістік көлемін арттырып келеді. Алайда, олардың да проблемасы көп. Мәселен, тәтті түбірді өткізген соң, зауыт беруі тиіс субсидияны уақтылы ала алмайды. Қант зауытынан басқа ірі өндіріс орны жоқтың қасы. Негізінен, халық егін және мал шаруашылығымен күнелтеді. Онымен айналысуға мүмкіндігі жоқтар әр түрлі жалдамалы жұмыс жасайды. Сол себепті аудан тұрғындары 100 шақырымда орналасқан облыс орталығы Талдықорған қаласынан жұмыс іздейді.Қош, біз бүгін әр күні қауіппен өтіп жатқан жандар жайлы айтпақпыз. Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінде 56 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Олардың басым бөлігі 2 қабатты. 4 кіреберіс есігі бар. Барлығы 16 пәтерлі. 1965-1970 жылдары қант зауытының құрылысы басталған кезде құрылысшыларға және зауыт жұмысшыларына арнап тұрғызылған. Орталық жылыту қазандығы болмағандықтан, пәтерлер жеке пештермен жылытылады. Бүгінгі күні керегелері жарылып, екінші қабатқа көтерілетін баспалдағының төменгі жақ іргетасы үгітіліп, апатты жағдайда тұр.   Жансүгір кентінің орталықтан ары ассаңыз соғыстан кейінгі тастанды қалада жүргендей әсерге бөленесіз. Қабырғасы сөгілген тұрғын үйлер, қараусыз қалған аулалар… «Апатты үйлердің бүгін-ертең опырылатынын ішіміз сезсе де, басқа амалымыз жоқ», дейді тұрғындар.«Былтыр  ең бірінші көшіп келгенде жер сілкінген болатын. Ойбай деп зәреміз ұшып кетті. Тура үй қозғалғанда ойладық, құлайтын шығармыз деп. Құдай сақтап құлаған жоқ», — дейді Жансүгір кентінің тұрғыны Кенжебала ШАЯХМЕТОВА.Апатты жағдайда тұрған 2 қабатты үйлердің саны 10-ға жуықтайды. Онда, жергілікті халықтың айтуынша, тек жүрек жұтқандар тұрады. Ал, олардың саны 60-тан асады екен. Барлығы пәтерлерін жекешелендірген. Біраз бөлігі жалдап тұратын көрінеді."Қатты жел соғады ғой, сол кезде үй кәдімгідей қозғалады. Қорқамыз. Біссіміллә деп Құдайға жалынам, шыны керек. Мына бір жағына қарай қисайып тұр мына үй. Қай күні құлайды, білмейміз, қыстың ортасында құлай ма, белгісіз. Соңғы кездері қатты қорқатын болдық ", — дейді тағы бір тұрғын Қарлығаш ҚОЯНБАЕВА. Жергілікті билік өкілдері апаттық үйлердің жайымен жақсы таныс. Жауаптылардың сөзінше, жекенің меншігі болған соң, аталған үйлер әлдеқашан әкімдік қарауынан тыс қалған. Десе де, жаңадан тағайындалған аудан әкімі басын қауіпке тіккендердің мәселесін жуық арада шешуге тырысатынын айтты. Есім БАЗАРХАНОВ комиссия қорытындысы бойынша 3 үйдің апаттық деп танылғанын айтты. Бірақ, оны нақты тану үшін "ҚазНИСА" институтының «заключениясы» керек екен. Оның өзіне облыстан 1,5  миллион қаражат сұрамақ.«Комиссия мүшелерінің ұйғарымы бойынша көзбен көру әдісімен АКТ жасалып, Жансүгіров ауылы, Желтоқсан көшесі №29 және Қабанбай Батыр көшесі №45, №43  үйлер тұруға қауіпті деп танылып, техникалық жай күйін анықтау үшін эксперттік қорытынды шығару керектігі анықталды. Осыған сәйкес өткен жылдың қараша айында аталмыш тұрғын үй тұрғындарымен арнайы кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары алдын ала жүргізілді. Үй апатты деп танылған жағдайда халықты баспанамен қамту мәселесі әкімдік тарапынан қолға алынатыны хабарланды. Аудандық әкімдік өз тарапынан апатты деп танылған пәтер иелеріне көмек көрсетіп, жағдай жасайтын болады. Аталған үйлердің техникалық жай күйін анықтау үшін Талдықорған қаласында орналасқан «Алматы Құрлыс Эксперт» ЖШС есебі жасалынды. Есепке сәйкес 3 үйге 3,4 млн. теңге қажет. Қажетті қаражатқа бюджеттік өтінім дайындалды. Қазіргі уақытта конкурстық нәтиже арқылы «Парасат Экспресс» ЖШС ұтып алды», — дейді ол.Көмек міндетті түрде көрсетіледі дегенмен, әкім нақты қай уақытта әрекетке көшетіндерін айта алмады. Ал, қауіпті аймақта өмір сүріп жатқандардың үміттен гөрі үрейі басым. Әкімдіктегілер қол ұшын созғанша үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.Фотолар автордікі.
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега